429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында 200-ден астам азаматқа Үкіметтен грант бөлу көзделіп отыр

  • 219
  • UPD: 10:10, 29.06.2020

Жеке кәсібін ашып, бизнеске ден қоюды мақсат еткендер үшін мемлекеттік бағдарлама қолдау болады, деп хабарлайды «Хабар 24.

Биыл тек Ақтөбе облысының өзінде 200-ден астам азаматқа Үкіметтен грант бөлу көзделіп отыр.

Қаражат тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін қарастырылған. Жобаға 120 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Алдағы бірнеше жыл ішінде Ақтөбеде бизнес қандай бағытта дамитынын арна тілшісі Мансұр Есқожин саралады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Жылыжай кешенін салуды көздеген Жадырасын Аяпбергенов – мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің бірі. Бірақ әдеттегідей қызанақ пен қияр өсіруден бас тартып, өңірде бұрын болмаған кәсіпті қолға алған. Яғни, болашақ егіс кешенінде төрт-түлікке азық болар дәнді-дақылдың жасыл сабағы өсіріледі. Сәтті қорғаған жобасына мемлекеттік бағдарлама аясында 550 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Өндіріс толық күшіне енген кезде тәулігіне 2 тоннаға дейін өнім беруі тиіс.

Жадырасын Аяпбергенов, жас кәсіпкер:

Сұлы мен арпаның енді ғана бой көтеріп келе жатқан жасыл сабағы төрт-түлік үшін өте пайдалы қорек. Қазір көптеген шаруа қожалықтары қысқы мал азығынан қиналып қалып жатады. Сондықтан өнімге сұраныстың боларына сенімдімін. Себебі мұндай шөппен қоректенген сиыр сүтті, қой қоңды болады. Төл шығыны да азаяды.

Мемлекеттік грантқа үміткер ретінде тіркеліп, өзінің жобасын 138 азамат ұсынған. Бизнес бастамаларды зерттеген арнайы комиссия олардың 126-ін мақұлдап, қаржы бөліпті. Әрқайысысы 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қолдауға ие болды. Облыс орталығында орналасатын жаңа кәсіпкерлік нысандарының басым көпшілігі тігін цехтері мен білім беру орталықтары, сұлулық салондары болса, ауылдық жерге бет бұрғандар мал басын көбейтіп, құс ұстауды көздейді.

Гүлзәбира Бисембаева, Жұмыспен қамту орталығының маманы:

- Бұл мемлекеттік грант былтыр көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, сонымен қатар жастар жылы болғасын жастарға, 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілді. Және мүгедек жандарға берілді. Биыл енді барлық енді барлығына да қарастырылады. Жұмыссыз азаматтарға. Яғни, мемлекеттік грантқа қатысу үшін, біріншіден, сертификат алу керек.

Болашақ кәсіпкер сертификаты «Бизнес бастау» курстарында беріледі. Білікті мамандардан білім алуға маусым айының өзінде 100 азамат ниет білдірген. Жалпы жыл соңына дейін 600-ге жуық тұрғынды оқыту көзделіп отыр. Алайда, биылғы дәріс беру сабақтары әзірге тек онлайн ғана жүргізілетін болады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы