423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Экология министрлігінің жедел желісіне бір аптада 376 арыз түсті

  • 214
  • UPD: 15:00, 27.07.2020

ҚР Экология министрлігінің жедел желісіне бір аптаның ішінде 376 арыз түсті, деп хабарладаы министрліктің баспасөз қызметі.

Заңсыз қоқыс орындары туралы хабарлардың басым бөлігі Алматы (61) және Қарағанды (41) облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласынан (47) түскен. Азаматтардан түскен өтініштердің саны бойынша Ақтөбе (35) және Шығыс Қазақстан (32) облыстары бестікке кіреді. 376 шағымның 269-ы стихиялық қоқысқа қатысты, 107-сі толып кеткен контейнерлер туралы шағымдар.

23 шілдедегі жағдай бойынша әкімдіктермен бірлесіп 132 полигон жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Шағым түскеннен кейін ақпарат дереу жергілікті экология департаменттеріне, әкімдіктер мен ішкі істер департаменттері қызметтеріне жіберіледі. Мамандар дереу тексеру орнына барып, сол жерде шаралар қолданады. Кінәлілер жазаланады, соның ішінде айыппұлдар да салынады.

Естеріңізге сала кетсек, Экология министрлігінің жедел желі телефоны +7 (775) 952-49-00. Whatsapp мессенджері арқылы аталған нөмірге кез келген қазақстандық өз қаласындағы немесе ауылындағы стихиялық қоқыстар туралы ақпаратты фотосурет пен бейнетүсірілім арқылы растай отырып, жібере алады.

«Біз барлық тұрғынның мәселеге бей-жай қарамай, жедел желіге өз аумағындағы стихиялық қоқыс тастау немесе контейнерлердің толып кету фактілері туралы дереу хабарлауын сұраймыз. Тек бірлескен жағдайда ғана біз бұл саланы тәртіпке келтіре аламыз», - деп атап өтті вице-министр Ахметжан Пірімқұлов.

Сонымен қатар Экология министрлігі осы демалыс күндерінен бастап ұлттық парктерде және демалыс аймақтарында қоғамдық рейд жүргізе бастады. Бұл жергілікті жерлердегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы жағдайды бақылауға және жедел шаралар қабылдауға, соның ішінде заңбұзушыларға айыппұл салуға мүмкіндік береді.

Министрлік жағдайды өзгерту үшін халықтың экологиялық мәдениетін көтеру керек екенін айтып өтті.

Хабар 24 телеарнасы