427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бестөбе кентінің тұрғындары алтын өндіретін кәсіпорынның қызметіне наразы

  • 493
  • UPD: 18:20, 13.08.2020

Ақмола облысындағы Бестөбе кентінің тұрғындары алтын өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорынның қызметіне наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, компания суды да, ауаны да улы қалдықтармен ластап жатыр. Ал экологиялық ахуалды жақсарту былай тұрсын, зияны тиген қоршаған ортаны қалпына келтіруге асығар емес дейді ашынған бестөбеліктер.    

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Бестөбе – елордадан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан. Алтын, кен орындарымен аты шыққан кентте қазір 6 мыңнан астам адам тұрады. Олардың барлығына жуығы мұндағы ауа мен судың тазалығына алаңдаулы.

Алты мың адамның арыз-шағымын осы оннан астам тұрғын жеткізді. Өздерін бастамашыл топтың мүшесіміз деп таныстырған олар көкейдегі көп мәселенің алғашқысын тура кентке кіре берісте баяндай жөнелді. Айтуларынша, алтын өндірумен және оны өңдеумен айналысатын кәсіпорын өндірістік қалдықтар мен шикізатты кентке жақын жерде сақтайтын көрінеді. 

Александра Назаренко, бастамашыл топтың жетекшісі:

– Міне, фабрика тұр. Ал мына жерде техногендік минералдық түзілімдер сақталады. Олардың құрамы өте улы. Жел тұрғанда бұл түзілімдер ауылға қарай ұшады. Қолымыздағы ресми мәлімет бойынша, Бестөбенің әрбір үшінші тұрғыны тыныс алу ауруларына шалдыққан. Тіпті, сәбилердің денсаулығына да кері әсер етіп жатыр. Осылай жалғасып келе жатқанына 2 жылдан асты.

Бестөбеліктерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – кезекті өндірістік қалдықтарды сақтау орны. Кәсіпорын тұрғындардың қарсылығына қарамастан жаңа, төртінші нысанның құрылысын бастап кетіпті. 

Арман Надырбаев, Бестөбе кентінің тұрғыны:

– Қалдықтар жиналатын орын салайын деп жатыр, салып жатыр. Біз оған қарсымыз. Неге десеңіз, мына жер – су шыққан жер. Бұлақ шыққан жер. Біз ауылда құдықтан су ішеміз. Егер цианид суға кетсе, зиян болады. 

Бастамашыл топ мүшелері нысанның құрылысына қарсы 5700-ден астам адамның қол қойғанын айтады. Тіпті, олардың арасында компания қызметкерлері де бар.

Ал кәсіпорын өкілі құрылыс жұмыстары заң шеңберінде, яғни жергілікті әкімдіктің рұқсатымен жүріп жатыр дейді. Оның үстіне бұрынғы олқылықтар ескеріледі деп ашынған азаматтарды сендіруге тырысты. 

Сергей Плотников, Майнинг аумағының басшысы:

– Егер су жер жақын жерден шықса, құрылысты бастамайтын едік. Мұнда су 2 метр тереңдіктен бір-ақ шығады. Жалпы, жоба жетілдірілген. Бұрынғы қателер ескерілді. Ал ционид әкпен залалсыздандырылады.

Тараптарды тыңдап болған соң, Бестөбе әкімдігінің ғимаратына бас сұқтық. Ол да тұрғындарды мазалаған мәселенің барлығынан хабардар. Айтуынша, кәсіпорынның құрылыс жүргізуге қажетті құжаттары түгел. Санитарлық нормалар да сақталған көрінеді. Дегенмен кәсіпорынның кей талапты бұзғанын да мойындады. Енді өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешім қабылдауға тырысамыз, дейді кент әкімі. 

Мұсылманбек Смағұлов, Бестөбе кентінің әкімі:

– Қала әкіміне айтамын. Кәсіпорынның бастығымен сөйлесіп, әрі қарай жұмыс істесін бе? Істемесін бе? Экология министрлігінен хат келмейінше жұмысын жүргізбейтіндей.  Қала әкімінде ондай құзырет бар ма?  Өзінде құзырет болмаса, өзінен үстіндегі әкімге, облыс әкіміне хабарлайды.

Сондай-ақ, кент әкімі қалдық төгетін орынның құрылысы ақпан айында өткен қоғамдық тыңдауда талқыланғанын айтты.  Алайда тұрғындар онда сөз болған сұрақтардан хабарсыз екенін жеткізді. Айтпақшы, дау туғызған мәселе жөнінде облыстық экология департаментіне сұрау салған едік. Мекеме қызметкерлері Бестөбеге барып, тексеріс жүргізген. Алайда ешқандай құрылыс жұмыстарын байқамапты.   

Ержан Ахметов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Қазір нақтылап алдым. Онда тексеріс жұмыстары жүргізілді. Кен орнына мамандар барды. Алайда құрылыс жұмыстары тіркелген жоқ.

Қалай болғанда да, Бестөбе кентінде қалдықтар жиналатын төртінші нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал кент тұрғындары болса, енді сотқа жүгінеміз деп отыр. Ал бұл күрмеуі көп күрделі мәселе шешімін тапқанша, бестөбеліктер медициналық масканы коронавирустан емес, улы қалдықтардан сақтану үшін тағуға мәжбүр.   

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы