429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бестөбеліктер базынасы министрлікке жетті

  • 144
  • UPD: 20:17, 17.08.2020
Бестөбеліктер базынасы министрлікке жетті

Ақмола облысында Бестөбе кенті тұрғындарының наразылығын тудырған өндірістік қалдық сақтайтын нысанның құрылысы тоқтатылды.

Осы аймақта алтын өндірумен және оны өңдеумен айналысатын «Қазақалтын» кәсіпорны бұл жұмыстарды рұқсатсыз жүргізгені үшін жауапкешілікке тартылады. Нақтырақ айтсақ, компанияға 1 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы арнамызға берген сұхбатында Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпыхар Жолдасов айтты. Енді Бестөбеде кезекті, төртінші қалдық сақтайтын орынның салыну-салынбауы қоғамдық тыңдауда шешіледі.

Еске салайық, өткен аптада арнамыздың тілшілері Бестөбе кентіне арнайы барып, тұрғындардың базынасын тыңдап қайтқан еді.

Зұлпыхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:

– Компания өз тарапынан оның бәрін түсініп жатыр. Қазір халықпен арнайы топ құрып, әлеуеметтік-экологиялық шаралар қолданбақшы. Оның тізімін бізге, халыққа көрсетеді. Бірақ біз өз жұмысымызды істейміз, шара қолданамыз.

Экология министрлігі жүргізген тексеріс барысында кәсіпорынның Ақсу ауылында да заң бұзғаны анықталды. Яғни компания экологиялық сараптамасыз байытушы фабрика салуды бастап кеткен. Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, қазір құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Бұдан бөлек, 60-қа жуық үйдің кенішке тым жақын орналасқаны белгілі болды. Енді «Қазақалтын» компаниясы бұл отбасыларды орналастыру жоспарын ұсынуы тиіс.

Бұған дейін алтын өндіруші компаниядан бірқатар заңбұзушылық анықталғанын хабарлағанбыз.

Хабар 24 телеарнасы