426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында Отбасы күніне орай полицейлер марапатталды

  • 157
  • UPD: 16:04, 11.09.2020

Жамбыл облысында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алған үлгілі полицейлер тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Арыстанбаевтар әулеті түрлі ұлттың 8 баласын бауырға басып, бүгінде нағыз интернационал отбасына айналған. Сондай-ақ өзінің 5 перзенті бола тұра, өзгенің 4 баласын қанатының астына алған батыр ана Диляфруз Кенжеханова да ішкі істер саласында қызмет етеді. Отбасы күніне орай облыстық полиция департаментінің ұжымы әріптестерін құттықтап, құрмет көрсетті.

Құттықтау шарасы Диляфруз Кенжеханованың үйінен басталды. Бұл шаңырақта қазір 9 бала тәрбиеленіп жатыр. Екеуі колледжде оқыса, бес баласы мектеп жасында. Жеткіншектерге қамқор болған әйел полицейдің шешімі бүгінде көпке өнеге. Ұжымдастары оның балаларына компьютер, түрлі-түсті принтер сияқты қашықтан білім алуға қажетті заттар сыйға тартты.

Бұдан кейін полиция ұжымы Меркі ауылында тұратын Арыстанбаевтар отбасына барды. 5 жыл бұрын бұл әулет қамқорсыз қалған 8 баланы асырап алған. Өздерінен туған 3 балаға қосып, 11 жеткіншекті тәрбиелеп отыр. Бұл шаңырақта қазір қазақ, қырғыз, әзербайжан, орыс, ұйғыр, татар, тіпті сыған баласы да тұрып жатыр. Жуырда қыздарының алды тұрмысқа шығып, құда-құдағи атаныпты.

Әлия Көбегенова, көп балалы ана:

-Қолдан бердік. Құдайға шүкір! 20-ға толды. Енді жақында ата мен апа боламыз. «Балалы үй базар» дейді ғой. Өте қуаныштымыз, осындай қадамға барғанымызға. Әр баланың өзінің нәсібі бар.

Тәртіп сақшылары балалармен кездесіп, олардың отбасымен танысты. Сый-сыяпат жасап, жеткіншектердің өнерлерін тамашалады.

Жанат Сүлейменов, облыстық полиция департаментінің бастығы:

-Үлгі болыңыздар! Оқуларыңызды жақсы оқыңыздар! Еліміздің мықты-мықты азаматтары болыңыздар! Біз соған сенеміз. Әріптесіміз міне, оған да алғыс айтамыз. Жұмысына қарамай балаларды бірге тәрбиелеп отырғанына.

Өнегелі ісімен көпке үлгі бола білген полицейлер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Ал, мерекелік көңіл күй, сый-сыяпат балалардың көңіліне қуаныш ұялатты.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы