420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қатонқарағай ауданында жөнделген жол жарамсыз болып шықты

  • 88
  • UPD: 21:26, 12.09.2020

Жөнделген жол жарамсыз болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатонқарағай ауданындағы Новополяковка ауылында құрылысшылар көшеге қиыршықтас төгіп тастаған. Әу баста бұған қарап, «жол жөнделетін болды», деп қуанған жұрт енді кесек тастардан құтыла алмай әуре. Ал әкімдік «одан басқа құрылыс материалын қолдану мүмкін емес» дейді.

Лидия Дюсупова – Новополяковканың байырғы тұрғыны. Ауыл басты жолдан қашықтау орналасқан. Сондықтан шешілмей жатқан мәселе шаш етектен. Мобильді байланыс та, интернет те жоқ. Бұл «жоқтың» тізіміне жол да кіреді. Дегенмен, «биыл ауыл көшелері жөнделеді» дегенді естіп, халық сол сәтті асыға күтті. Алайда тақтайдай жолды елестеткен жұртшылық тоқпақтай тастарға тап болды.

Лидия Дюсупова, Новополяковка ауылының тұрғыны:

- Теледидардан керемет жол салынып жатқаны туралы жиі көреміз ғой. Бізде де сондай болар деп ойладық. Қайдан білейік. Келді де мынадай тастарды төсеп, кетіп қалды. Кәдімгі тас тиеп әкеліпті. Балаларымыз қалада. Келе алмай жүр. Өйткені көліктен түк қалмайды.

Шынымен де жол жөнделгелі бері автокөлік жүргізушілерінен маза кетіпті. Өйткені өткір қиыршықтастар дөңгелектің жұлма-жұлмасын шығарады.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ауыл тұрғындары көшелердің жөнделуін талай жылдан бері күткен еді. Енді міне, не қуанарын, не қуанбасын білмей отыр. Өйткені жолдарды мынадай кесек-кесек тастар басып жатыр. Арасында тіпті салмағы 50-60 келіден астатын ірі тастар да бар.

Сергей Ткаченко да осындағы көптеген көршілері сияқты көлік астынан шықпайды. Тіпті кейде шаруасы көбейіп, көп жүріп кеткенде күніне бірнеше рет дөңгелегін жөндеуге мәжбүр.

Сергей Ткаченко, Новополяковка ауылының тұрғыны:

- Көшедегі тастарды көрдіңіздер ғой. Кейде жол үстінде тоқтап, кесек тастарды шетке лақтырып, тазалап жүреміз. Әр күніміз осылай автокөлік жөндеумен өтеді.

Тұрғындар «осындай жайсыздықтар болмаса, табиғаты әдемі жерде орналасқан ауылымыз туристердің назарын аударар еді», дейді

Әния Құдаспаева, Новополяковка ауылының тұрғыны:

- Кәдімгі заманауи жол керек, өркениетті елде тұрамыз ғой. Істеген соң дұрыстап, тротуар салып, барлық талапқа сай істемей ме?! Ал енді жыл сайын осылай көшелерге тас жайып кеткеннен ештеңе шықпайды. Өйткені бұл маңда қаншама сауықтыру орындары, марал шаруашылықтары жұмыс істеп тұр. Көрген адамға ұят.

Әкімдік болса, «бұл жақтың жер бедеріне осындағы карьерден алынатын қиыршықтастардан басқа материал жарамайды», дейді. Өйткені жауын болған сайын жер ми батпаққа айналады.

Сержан Байбосынов, Новополяковка ауылдық округінің әкімі:

- Климаттық жағдайға байланысты тек қана скальник дейміз, сондықтан одан басқа жол материалы бізде жоқ. Оны ұсақтайтын техника жоқ қой нақты ұстауға.

Жалпы бұл шаруаға 13 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Жолды жөндеп жатқан мердігер компания «амалын тауып тастарды тығыздап, тегістейміз» деп уәде беріпті. Енді жұрт жөнделген жолдың қайтадан жөнделгенін асыға күтіп жүр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы