428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Ахмер кентінің тұрғындары электр қуатына жарымай отыр

  • 243
  • UPD: 23:51, 06.10.2020

Өскеменнің дәл іргесінде тұрса да, тұрмыс тауқыметін тартып отырғандар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі таза ауыз су мен сапалы жолға, бірі жылы аялдама мен қоғамдық көлікке зәру.

Ахмер кентінің тұрғындарын талай жылдан бері электр қуатының тапшылығы да қинап келеді. Жұрт «электр қуатының күші ештеңеге жетпейді», деп наразы.

Ахмер кентінде құрылыс қарқынды. Мұнда бастапқыда жүздеген отбасы ғана тұрса, қазір олардың саны мыңдап саналады. Жаңа мектеп пен емхананың салынуы осыған айғақ. Алайда, инфрақұрылымның жоқтығы тұрғындарды қажытқан. Талай жылдан бері орталықтандырылған ауыз суға жарымаған жұрт электр қуатымен де толық қамтылмапты. Бастапқыда көпшілік генератор пайдаланып келген. Кейіннен аудан ішіне электр бағандарын орнату жұмыстары жүргізіліпті. Алайда, ол шаруа орта жолдан тоқтап қалған.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Төбеден төнген қауіп. Электр бағандары қойылмаған көшенің тұрғындары, мінекей, осылай амалдап отыр. Анау тұрған бағаннан үйлеріне электр сымдарын тартқызып алған екен. Алайда қол созым жердегі сымдардан келер қауіп те көп.Тұйықталу бола қалса, кез келген уақытта өрт шығып тіпті адамды тоқ соғуы да ықтимал.

Ауласынан электр желісі өтіп тұрған үйдің үлкендері күні бойы жұмыста. Балалардың ересегі Жалғас қауіпті аймақтан алыс жүруге тырысады. Кішкентай бауырлары мен ата-анасы үшін де алаңдаулы.

Жалғас Аманкелді, Ахмер кентінің тұрғыны:

- Балалардың бәрі мына жерге жиналады, бауырларыма келеді, көбіне доп ойнайды, мына жерде көріп тұрсыздар, бәрі салақтап тұр. Қорқамыз өзі, тоқ соғып қала ма деп.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Салбырап тұрған электр желісін тартқызған үйдің иесімен де кездестік. Айтуынша, бұл сымдарды энергетиктер арнайы кеп жүргізіпті. Оны растайтын құжаттары да қолында. Бірақ «желіні төмен тарттыңыздар, қауіпті ғой» деген сұраққа мамандардан қысқа жауап алған.

Гүлжан Уаисова, Ахмер кентінің тұрғыны:

- Көршілеріміз келді, неше рет шағымданып, РЭК-қа да бардым. Меновно ауылындағы РЭК-ке бардым, олар маған айтты. «Не осылай тұрады не біз сізді өшіріп тастаймыз», деді. Сосын мен қайда барамын? Бірдеңе боп қалса не істейміз деген қауіпте отырмыз, шынын айтқанда, ал жарықсыз тағы да отыра алмаймыз.

Ал, Гүлнар Ерғазина болса, үйіне келіп тұрған электр қуатын дұрыс тұтына алмай жүр. «Ас үйге қажетті тұрмыстық техникаларды мүлдем қолданбаймыз», дейді зейнеткер.Өйткені электр энергиясының күші тоңазытқышқа әрең жетіп тұр.

Гүлнар Ерғазина, Ахмер кентінің тұрғыны:

- Он екінші жылдан бері жарыққа мандымай келе жатырмыз, жарық жетпейді, тоңазытқышты күніне неше уақыт өшіреміз, кернеу болмайды, жарық жоқ жөнді.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының тарабы «тек өрт шықса, тіркелсе ғана бірдеңе дей аламыз» дейді. Энергетикалық компания өкілдері «Ахмердегі электр желісі қала әкімдігіне тиесілі» деп бұл жағдайға қатысы жоқтарын кесіп айтты. Ал, әкімдік мамандары қауіпсіздік талаптарының неге сақталмағанынан хабарсыз. Тек кенттегі электр желісі құрылысының бәсең жүру себебін ғана түсіндіре алды.

Нұржан Жапбаров, қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Жоба дайын деуге болады. Үш жыл жасалды.Неге десеңіздер, қаржы бөлінбеді.Барлығы міне жақында ғана шешілді.

Қысқасы әзірге тек жоба қаржыландырылды. Алайда, жарықпен сапалы жабдықтау мәселесі таяу арада шешіледі деу қиын. Электр желісін тарту бойынша құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ, тек бюджеттен қаражат берілсе. Ахмерліктер «ол да бірнеше жылға созылмаса игі» деп амалсыз қалды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы