429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулықтар қуаңшылықтың азабын тартты

  • 171
  • UPD: 09:10, 07.10.2020

Атырау облысында биыл қуаңшылық болды. Малға жайылымдық жер де табылмады. Шаруа қожалықтары қысқы азықтың қамын ойлап қамығып отыр. Әсіресе Жайық өзенін жайлаған Индер, Махамбет аудандары жем-шөп жинай алмады. Оны айтпағанның өзінде желідегі бие мен сауындағы түйеге азық тауып беру қиын болды. Соның салдарынан өндірілетін өнім де азайды.

Облыста мал саны артқан. Қазір 650 мыңдай қой-ешкі, 90 мыңға жуық жылқы, 170 мыңнан астам сиыр, 34 мыңдай түйе бар. Бірақ мал басына шаққанда олардан алынатын өнім аз. Қарапайым жылқының сүті мен етін өндіріп, пайдаға жаратудың өзі жырға айналған. Шаруалар да оған бел буып кіріспей отыр.

Мұрат Сарманов, облыстық фермерлер қауымдастығының төрағасы:

- Жергілікті басқару органдары мен шаруагерлердің арасында бір мықты идеология жоқ. Айталық, ауыл округінің әкімі сол шаруагерлерге жағдай жасап, өзінің тұрғылықты жерінің жанынан кішкентай орындар ашып, сол жерге тоғын әкеліп, соған ауылдық округтердегі бос жігіттерді жауып, солай шаруагерлерге көмектессе оның өнімі ішкі нарықта бос тұр. 

Облыста тонна-тонна қымыз бен шұбатты, айран мен сүтті өндіру үшін мал саны жеткілікті. Алайда қолбайлау болатын тағы бір мәселе - жем-шөптің жоқтығы, болса да бағасының аспандап кетуі. Себебі астық екпейтін аймақта жем-шөптің басым бөлігі сырттан тасылады. Жауаптылардың сөзіне сенсек, биыл қысқы мал азығының 90 процентке жуығы дайындалыпты.

Қайрат Нұрлыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Құрғақшылық болды, жаңбыр жауған жоқ. Кейбір жерде жайылымның өзінде қиындық кездесті. Қазір бізде Қызылқоға және Құрманғазы аудандары өздерінің жерінен дайындап жатыр. Оларда шабындық жеткілікті. Ал басқа аудандар осы аудандардың жерлерінен болмаса көрші облыстардың шеттеу аудандарынан дайындап жатыр. 

Биыл облыста бие сүтіне сұраныс артты. Өткен жазда саумалдың 1 литрі 2500, қымыз 1500 теңгеге саудаланды. Өкініштісі сол, осынша сұранысқа ие өнімді жергілікті жерден жеткілікті дайындай алмаған.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Мыңғыртып мал ұстайтындар мұнайлы өңірде көбейген. Әсіресе жылқыға ден қоя бастапты. Десек те, ішсе сусын, жесе ет, мінсе көлік болған бұл киелі жануардың өнімін пайдалану кенжелеп қалған. Дала төсінде шұрқырай шапқан бұл Қамбар ата төлінен қазір жергілікті бюджетке де, халыққа да пайда болмай отыр. 

Авторлар: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы