428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында кәсіптік-техникалық колледждер жаңғыртылып жатыр

  • 187
  • UPD: 23:08, 12.10.2020

Биыл Ақмола облысындағы 5 колледжге ел қазынасынан 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жас маман» жобасының аясында кәсіптік-техникалық білім ошақтарына көрсетілген қолдау. Қомақты қаражатқа оқу-өндірістік орталықтары жаңа қондырғылар сатып алып, тәжірибе алаңдарды көбейеді. Аталған жоба бойынша Ақмола облысында 11 колледж жаңғыртудан өтеді.

Көкшетаудағы құрылыс-техникалық колледжінің 3-курс студенті Өмірбек Тайғаринов, қазірдің өзінде меңгеріп жатқан мамандығымен табыс тауып жүр. Ол теледидарлар мен тұрмыстық техникалардың түр-түрін жөндейді. Айтуынша, теориялық білімді тәжірибемен үнемі ұштастырып отыру қажет.

Өмірбек Тайғаринов, Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің студенті:

- Менің шеберханада жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болды. Жасым 18-де ғана болса да, өзімді кәнігі маманмын деп айта аламын. Тұрмыстық техникалар мен теледидар жөндеп-ақ мол табыс табуға болады. Әйтпесе, бізге ұялы телефондарды да қалыпқа келтіруді үйретеді.

Өмірбек секілді талай студенттің осылай білім ошағын бітірмей жатып маман атануына колледждегі оқу-өндірістік орталықтары сеп болып отыр. Мәселен, осы оқу орнының өзіне биыл 438 млн теңге бөлініп, оған заманауи қондырғылар сатып алынған. «Мәселен, дәнекерлеу аппараттары мен құрылысшыларға қажетті түрлі құрылғылар біздегі іргелі зауыттардың өзінде жоқ», - дейді, ұстаздар. Ал, Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенттері осындай тың мүмкіндіктердің арқасында әлден өнім шығаруға көшкен.

Ақнұр Еслямова, Көкшетау жоғары техникалық колледжінің директоры:

- Бүгінгі күннің өзінде қаладағы «Тыныс» зауытына жасанды тыныс алу аппараттарына қосалқы бөлшектер шығарып бердік. Енді олармен тағы 2 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Мұның бәрі біздің студенттердің колледж қабырғасынан бәсекеге қабілетті маман болып шығуына көмектеседі.

Мұндағы студенттер қазір колледж қабырғасында жүріп-ақ көлікке тіркеме жасап, жеңіл автомобильдердің шанағын жөндей береді. Мұның бәріне компьютерлік бағдарламалармен жабдықталған су жаңа қондырғылар көмекші. Енді білім ошағына тағы бір жаңа станок әкелініп, бұйыртса, бұрандалы шегелерді де өздері өндіре бастамақ. Айта кетейік, аталған колледждің 20 шақты оқушысы республикалық «World skills» кәсіби шеберлік чемпионатының байқауының жүлдегерлері. Осының өзі олардың біліктілігін аңғартып тұрғандай. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы