424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабарға» 25 жыл: Тұңғыш отандық телехикая қалай түсірілді?

  • 197
  • UPD: 09:06, 23.10.2020

«Хабар» Агенттігі қазақ телевизиясында бұрын-соңды болмаған телехикая жанрын қалыптастырды.

Бұлай айтуға толық негіз бар. 1995 жылы қазығы қағылған телеарна бір жылдан соң экраннан отандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясын көрерменге ұсынды. Еліміздің киноиндустриясына жаңа серпін берген көп сериалды фильм «Хабар» Агенттігінің бастамасымен түсірілген болатын.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Бұл әуен көрерменге 90-жылдардан таныс. Әр сенбі мен жексенбінің кешінде көгілдір экраннан көрсетілген «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы сол уақытта жасты да, жасамысты да баурап алғаны шындық. Ал актерлер үшін бұл тың сүрең болды. Телехикая дегенді бұрын экраннан көргендері болмаса, өздері түсіп көрмеген. Алайда, жаңа форматты тез меңгерген отандық кино мамандары аз уақыттың ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерді.

Жанна Қуанышева, актриса:

- Ол кезде интернет те, гаджет те болған жоқ. Қазіргідей шоу-бизнес те жоқ. Киноиндустрия тоқырап, кино түсіру тоқтаған кез еді. Сондай қиындыққа қарамастан, ТМД-да болмаған жаңа жанрды игеріп, оны көрерменге телеэкран арқылы көрсету үлкен еңбек еді. Осы сериал арқылы біз көрерменнің жақын туысы сияқты болып кеттік.

Ғазиза Әбдінәбиева, актриса:

- «Хабар» арқылы, «Тоғысқан тағдырлар» арқылы біз бүкіл қазақстандықтармен көрген жерде амандасып, қолыңды ұстап, бетіңді сүйіп, «көршіміз сияқты», «туысымыз сияқтысың» деп әлі күнге дейін сәлемін аямайды. Әлі күнге дейін маған бәрі Реке дейді. Театрда да, кинода да жаныңды салып, осы ұмтыласың. Бірақ бәрібір тетя Роза деп айтады. Оған да қуанамын. Мейлі.

Телехикаядағы актерлердің танымал болғаны соншалық, олардың киген киімдері сол жылдары көрермендер арасында сәнге айналды. Тіпті, жақынындай болып кеткен актерлерге хат жазып, жан сырымен бөліскендер де болыпты. Бір қызығы, 5 жыл бойы көрерменді баурап алған сериал алғашында 13 бөлім болады деп жоспарланған.  

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- 465 бөлімнен тұратын «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Өкінішке орай фильмнің ширек ғасыр бұрынғы декорациялары сақталмаған. Ал, мына біз тұрған саяжол, мәуелі бақ көрерменге жақсы таныс. Себебі сериалдың сырттағы көріністері дәл осы жерде түсірілген.

Телехикаяның алғашқы бөлімдеріне британиялық мамандар жетекшілік еткен. Олар арнайы курс ашып, түсіру тобын кинодағы жаңа технологияға бейімдеді.

Ермек Шынарбаев, «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының продюсері:

- «Тоғысқан тағдырлар» өте сәтті жоба болды. «Қазақфильм» киностудиясында ерекше телевизиялық өркениет қалыптасты. Ағылшындар келе сала біздің актер, режиссер, операторларды үйретті. Ұжымдағы әр маман өз ісімен айналысқанда ғана нәтиже болатынына сол жолы көзім жетті.

«Тоғысқан тағдырлар» жобасы кино саласының дамып, телевизиялық кинотуындылар түсіруге жол ашты. Бүгінде «Хабардың» тапсырысымен жылына оннан аса телехикая түсіріледі. Олардың бәрі өз көрерменін табуда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, Әбен Нарымбаев

Хабар 24 телеарнасы