422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп кетті

  • 267
  • UPD: 22:19, 27.10.2020

Маңғыстау облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру жағдайлары көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер мұны тұрғындардың той-жиындарға баруын тоқтатпауымен байланыстырады. Провизорлық стационарларда емделіп жатқандардың басым бөлігі 60 жастан асқандар. 6 адам ауыр халде. Аймақтағы тілшілеріміз облыстық аурухана жанынан ашылған инфекциялық стационарда болып, науқастардың жай-күйін біліп шықты.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Аурухананың инфекциялық бөліміне кірмес бұрын вирустан қорғайтын медициналық қорғаныш киімдерін киіп, барлық жерді толық тұмшаладық. Себебі қауіпті індет тез жұғады. Алдымен вирусты пневмониямен ауырып жатқан науқастармен жүздестік. Коронавирус егде жастағы мына кісінің қос өкпесін зақымдапты. «Ауруханаға ауыр халде түскен науқастың бүгін беті бері қарады», дейді дәрігер.

Блиц 1:

- Екі жақты пневмония, антибактериалды терапия алып жатыр.

Блиц 2:

-Адам болады ғой бір алып-ұшып, қара тер қысып, қазір Құдайға шүкір, үшінші күні жатыр.

Блиц 3:

- Иә, жақсымын, шүкір. Бірінші Алла, екінші осы ақ халаттылардың арқасы, жақсымын.

Облыстық аурухананың «Б» блогы бүгінде инфекциялық стационарға айналған. 60 төсек-орынға шақталған орталықта қазір 27 адам ем қабылдауда. Бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуінің жағдайы өте ауыр. Олардың барлығында вирустан өзге жүрек, қан қысымының көтерілуі, қант диабеті секілді қосымша аурулары бар. Науқастар күні-түні дәрігерлердің бақылауында.

Айнагүл Башиева, бірінші деңгейлі инфекциялық стационар жетекшісі:

- Біздің стационарда 60 төсек және жансақтау бөлімінде 20 төсек бар. Қазір тек 30%-інде ғана науқас жатыр. Аймақта эпидахуал тұрақты. Дегенмен, бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Әзірге күн жылы болып тұр. Күн суытқан жағдайда вирус та күшеюі мүмкін. Сондықтан бәріне дайын болуымыз керек. Ол үшін сақтық шараларын қатаң сақтанған жөн.

Қазір жалпы облыстағы стационарларда 64 адам вирустан емделуде. Басым бөлігі 60 жастан асқандар. «Бұл – жасырын өткізіліп жатқан тойлардың нәтижесі», - дейді бас санитарлық дәрігер. Оның айтуынша соңғы 20 күнде карантин талабын бұзып, жасырын той жасаған 27 дерек анықталған.

Ғазиз Надуев, облыстың бас санитар дәрігері:

- 17 тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін облысымызда 24 мониторинг тобы құрылды. 645 рейдтік шаралар жүргізіліп, 1900 нысанға тексеру жүргізілді. Рейд барысында 108 нысанның заң бұзушылығы анықталып, 57-ісіне айыппұл салынды. Оның ішінде 12 жеке кәсіпкерге 44 жеке тұлғаға және бір заңды тұлғаға 5 млн 972 мың теңге көлемінде айыппұл салынып отыр.

Бұдан былай екінші рет той жасап ұсталған мейрамханалар соттың шешімімен қызметін мүлдем тоқтатуы мүмкін. Қазір карантин талаптарын бұзған тойхана, кафе иелеріне қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Себебі, кейбір өңірлерде көпшілікті жинағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған кәсіпкерлер қайта ереже бұзуда.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы