425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ауыл» партиясы «Хабар» Агенттігінің мерейтойына ерекше тарту жасады

  • 96
  • UPD: 20:04, 06.11.2020

Саяси ұйымның бастамасымен Президент саябағында 25 түп шырша егілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпарат саласында айшықты орны бар «Хабар» Агенттігі үшін биыл – мерейлі жыл. Үлкен ұжымға 25 жыл толып отыр. Осы орайда «Ауыл» партиясының мұрындық болуымен игі бастама жүзеге асты. Президент саябағында 25 жылдыққа орай 25 түп шырша егілді.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

– «Хабар» – біз үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін орны бөлек телеарна. Сіздердің қызметкерлеріңіз елдің түкпір-түкпірінде жүріп, қысы-жазы ыстық-суыққа қарамай, азаматтардың еңбегін көрсетуде үлкен үлес қосып жатыр. Міне, соның барлығын ескере отырып біз «Хабар» телеарнасын халықтың мәртебесі үшін жұмыс істеп жатқан үлкен телеарна деп есептейміз.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді арқау еткен іс-шараға аға буынмен қатар партияның жастары да атсалысты. Олар да өз құттықтауын ерекше жолмен жеткізді.

Жасыл желекпен көмкерілген бұл аумақ – қала тұрғындары мен қонақтары көп келетін орындардың бірі. Енді хабарлықтар да жиі бас сұғатын болды. Себебі өз аллеясы пайда болды.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы:

– «Ауыл» партиясы игі бастаманың ұйытқысы болды. Бүгін Агенттіктің 25 жылдығын атап өтіп қана қоймай, қала экологиясын жақсартуға үлес қосып отырмыз. Мұндай креативті идеяға мұрындық болған «Ауыл» партиясына әріптестерімнің атынан алғысымды білдіремін.

Егілген әр түп шырша саябақтың шырайын ашып қана қоймай, қысы-жазы көрген жанның көзін қуантары сөзсіз. Жиналғандар да «Хабар» Агенттігі мамандары дайындаған әр телеөнім көрерменнің көңілінен шығып, ғұмыры осы ағаштай өміршең болуын тіледі.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы