424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда азық-түлік қымбаттады

  • 55
  • UPD: 00:06, 17.11.2020

Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 11 процентке өсіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, макарон мен сұйық май және тоң майдың бағасы 17, ал сүт өнімдері мен жеміс-жидек құны 11 процентке артқан.

Қауіпті індет қызметтен қағып, қаражат жағынан қысқан уақытта азық-түлік құнының қымбаттауы қиындық тудырары рас. Ауру адым аштырмай тұрған кезде мал еті мен құс етінің құны 6 процентке артыпты. Қаңтарда бағасы 285 теңге болған сүт қарашада 320 теңгеден бір-ақ шыққан. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басында келісі 200 теңгеге бағаланған қанттың құны қазір 280 теңге болып отыр. Бағаның шарықтауы мұнайлы өңір тұрғындарын да алаңдатады.

БЛИЦ:

– Айдың басында ақшамызды алғанда барамыз, сонда арзандау болған. Енді осы айда кәдімгідей қосылған. Білдірмей қосып жатыр, 50 теңге, 100 теңгеден. Жеміс жидектер бірден қымбаттап кетті. Сосын ұн тағамдары кішкене қымбаттады.

– Көбіне ұн, сұйық май аламыз. Олардың бәріне күнде қосылып жатыр. Шекер, шай адамға күнделікті пайдаланатын заттар ғой. Соның бәрі қымбат. Құны жоқ. 10 мың теңгеге ештеңе ала алмаймыз.

– Ұн қымбаттап кетті. Бұрын 10 мың теңгеге көп тамақ аласың, қазір ештеңе ала алмайсың. Шамалы нәрсе аласың.

Биыл облыстық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру мақсатында 780 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алайда, оның тең жартысы шаһардағы белгілі бір сауда желісіне қайтарымды негізде беріліпті. Дегенмен дегбірді қашырған қымбатшылыққа тосқауыл қойылмай отыр.

Зәуреш Баймұқашева, облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы:

– Атырау облысы бойынша қазан айын өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарларына баға өсімі 10,8 пайызға байқалды. Оның ішінде ең жоғары өскен баға ұнға және жармаларға, 30-дан 40 пайызға дейін. Тауар өсіміне, көбінесе жергілікті тауарлар болмағандықтан, тауарлар басқа қаладан әкелінеді. Яғни тауар жеткізушілерге байланысты.

Соңғы айда жұмыртқа бағасында да өсім байқалады. Сөрелерде тұрған С-2 санатындағы жұмыртқалар – өзімізден өндірілетін өнім. Десе де, бір данасы орта есеппен 33-35 теңге болады. Ал еліміздің солтүстігінде құстардың қырылуына байланысты сырттан тасу әлі мүмкін болмай отыр. Жауаптылардың сөзіне сенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына уақытылы мониторинг жүргізіледі.

Мейрамбек Аухадиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Екі түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағамына, атап айтқанда, картоп және жұмыртқа өніміне өсім байқалып отыр. Бұл аталған екі өнімге қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Қазір тұрақтандыру қорында 600 тоннадан астам өнім бар. Желтоқсан айынан бастап жауапты мамандар сол азық-түліктерді сатылымға шығармақ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы