420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенаторлар: Адам құқықтарының негіздері бастауыш сыныптан бастап оқытылуы керек

  • 153
  • UPD: 11:57, 19.11.2020
Сенаторлар: Адам құқықтарының негіздері бастауыш сыныптан бастап оқытылуы керек slideserve.com

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сенатор Нұртөре Жүсіп премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Олардың айтуынша, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мәселелерін толық білмеуі құқықтық тетіктерді қолдануға мүмкіндік бермейді.

«Жыл сайын балаларға қатысты қылмыс саны көбейіп отыр. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биыл елімізде мұндай жағдай 8 процентке өскен. Оған кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы фактілерді жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі де себеп болды. Жалпы, 70 проценттен астам жағдайда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды жақын, туыс адамдар жасайтыны алаңдатады», – дейді сенаторлар.

Соған сәйкес олар адам құқықтарының негіздерін жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

«Қазір жоғары сыныптарда «Адам. Қоғам. Құқық» пәні оқытылады. Оның мазмұны адам құқықтары мен бостандықтарының мәні, оларды қорғау тәсілдеріне емес, адам табиғаты туралы жалпы пайымдаулар төңірегінде ғана жүреді. Қоғамдағы ахуалды ескеріп, аталған пәнді бастауыш сыныптардан бастап оқытқан жөн деп есептейміз», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сауал жолдаған депутаттардың сөзіне сүйенсек, заң аясында жауапкершілік қарастырылса да өңірлік БАҚ-та зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе келеңсіз әрекет жасаған балалардың суреттері мен олар туралы деректерді жариялау мәселесі кездесіп жатады. Жеке өмірге қол сұғушылықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

«Кәсіби этиканы бұзуға жол бермеу үшін журналистердің Этикалық кодексін жетілдіру қажет. Оған жұртшылық өкілдерін, мүдделі уәкілетті органдарды, сондай-ақ, Парламент депутаттарын жұмылдырған орынды болар еді», – деп атап өтті Сенат депутаты.

Хабар 24 телеарнасы