433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордаға Ертістен су тартуы мүмкін

  • 160
  • UPD: 11:13, 04.12.2020

Келешекте елорда халқы ауыз сусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар. Себебі Астана немесе Вячеслав су қоймасының қоры азайып барады. Мәжіліс отырысында депутат Шәкір Хахазов осындай мәселені көтерді. Жарты ғасыр бұрын салынған су қоймасы 300 мың адамға шақталған. Ал Нұр-Сұлтан тұрғындарының саны қазір бұдан төрт есе көп. Осы тұста депутат ауыз су тапшылығын болдырмау үшін сумен жабдықтаудың қосымша көздерін салуды ұсынды. Су каналдары қалай салынады?  

Көптеген елордалықтардың айтуынша, құбырдан аққан су ішуге жарамсыз, хлордың дәмі бар немесе сары су ағады. Бірақ алдағы уақытта судың сапасы ғана емес, көлемі де өзекті мәселеге айналуы әбден мүмкін.

Шакир Хахазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінде елорда мен қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары су тапшылығына шағымданады. Қаланың көптеген аудандарында сумен жабдықтау колонкалар арқылы жүргізіледі. Ал кейбір тұрғын үй кешендерінде ағатын судың жағымсыз иісі бар және мұның бәрі біздің республикамыздың астанасында.

Депутат Шәкір Хахазов Мәжіліс отырысында осы мәселелерді айтып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Еліміздің бас қаласы мәртебесін алғаннан кейін Нұр-Сұлтандағы тұрғындар саны 4 есе өсті. Шаһарда «Астана су қоймасынан» басқа сумен жабдықтау көзі жоқ.

Сондықтан ауыз су тапшылығы болмау үшін депутат қазірден бастап әрекет етуге шақырады. «Ол үшін Ертіс суын елордаға тарту керек» дейді ол.

Шакир Хахазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ертіс суын Сәтпаев атындағы каналдан су жіберу арқылы тасымалдау үшін жаңа су тартқыш салу керек. Бұған балама жоқ. Егер біз күрделі проблемаларға тап болғымыз келмесе, құрылыс туралы шешімді тез арада  қабылдау керек. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бірақ осы уақытқа дейін әлі іске қосылған жоқ.

Осы мәселеге байланысты біз су ресурстары комитетіне хабарластық. Онда қосымша су көзінің құрылысы келер жылдың аяғында немесе 2022 жылы басталатынын алға тартты. 

Мұрат Бейсенов, су шаруашылық құрылыстарын дамыту және пайдалану басқармасының басшысы:

- Жобаны іске асыру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Биыл республикалық бюджеттен осы жобаның жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 250 миллион теңге бөлінді. Жоба екі жылға арналған. Келесі жылдың аяғына дейін осы жобалау сметалық құжаттама дайын болу керек. Келесі жылдың аяғына қарай төртінші тоқсанда құрылысты бастаймыз ба деген жоспарымыз бар. Болмаған жағдайда 2022 жылдың басынан бастап кірісеміз.

Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде арнаны тазалау жұмыстары жүргізіледі. Екіншісінде ұзындығы 105 км су тартқыштың бір тармағы салынады және екі сорғы станциясы жағыртылады. Үшінші кезеңде екінші су тартқыш салынады.

Мұрат Бейсенов, су шаруашылық құрылыстарын дамыту және пайдалану басқармасының басшысы:

- Ертіс суын Сәтпаев атындағы каналдан сорғыш станциялар арқылы тасымалдау. Сәтпаев атындағы каналдың 22 сорғыш станциясы бар соның осы жердегі Қарағанды облысында орналасқан 19-станциясынан бастап оның ұзақтығы 105 км болады.

Комитет «әзірге Астана су қоймасы қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз ете алады» деп сендірді. Қойманың көлемі 411 миллион текше метр болса, қала халқы жылына 90 миллион текше метрге дейін су тұтынады. Бірақ мамандардың болжауынша 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 165 миллион текше метрге дейін өседі. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы