410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


9 қараша күні Үлкен Алматы шыңына аттанған турист қыз әлі табылған жоқ

  • 527
  • UPD: 22:35, 12.11.2019

Екі күн тауда іздестіру жұмыстарын жүргізген төтенше жағдайлар комитетінің құтқарушылары жоғалған қыздың анасының өтінішімен кеше кешке таудағы іздестіру жұмыстарын тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

26 жастағы Әсел Панарғалиева 9 қараша күні жалғыз өзі Үлкен Алматы шыңын бетке алған. Сол күні түскі уақытта шыңда тұрған сәтінен бейнежазба жіберген бойжеткен одан кейін байланысқа шықпаған.

Қыздың туыстары 10 қараша күні кешке арнайы іздестіру қызметіне жүгінеді. Республикалық жедел-құтқару тобы ауа райының қолайсыздығына қарамастан іздестіру жұмыстарын түні бойы жалғастырған.

Павел Воскобойников, ҚР ІІМ ТЖК РЖҚО бас құтқарушысы:

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жаяу Үлкен Алматы өзенін бетке алып көтерілдік. Ол жерден ғарыштық зерттеу станциясына жеттік. Ауа райы өте қиын болды. Қар жауып, 2-2,5 метр жер ғана көрініп тұрды. Түн болғандықтан, әрине, қиындықтар болды.

11 қараша күні де жалғасқан таудағы іздестіру шаралары кешкісін Әселдің анасының өтінішімен тоқтатылды. Себебі, қыздың ұялы телефонының орналасу жерін іздестіргенде, сол күні Алматының бірнеше жерінде болғаны анықталған. Қазір қалалық ішкі істер департаменті Әсел Панарғалиеваның із-түзсіз жоғалуына байланысты іс қозғап, арнайы іздеу тобын құрды.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

Бұл азаматшаның таулы аймақта емес, қаланың ішінде де жоғалып кетуін біз жоққа шығарып отырған жоқпыз. Сондықтан іздестіру жұмыстарын қолға алып отырмыз. Бүгінгі таңда елуден аса полиция қызметкерлері бұл іздестіру шараларына қатысуда.

Әселдің туыстары «оны белгісіз біреулердің күштеп ұрлап кетуі мүмкін» деп отыр. Айдың-күннің аманында қызынан көз жазып қалған отбасы Әселді көргендер болса, полицияға хабарласуын өтінеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы