380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқиғалар хроникасы. 27 желтоқсан

  • 180
  • UPD: 19:39, 27.12.2019

Түркістан облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы жарақат алған төрт жолаушы жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандыда мас жүргізуші қоршауды бұзып өтіп, автотұрақта тұрған 6 көлікті талқандады. Соңғы тәулікте ел аумағында тіркелген оқыс оқиғалар алдағы топтамада.

Түркістан облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, жарақат алған төрт жолаушы жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Алдын ала болжам бойынша Мерседес-спринтер автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, жол бойындағы МТЗ-3 тракторына соғылған. Жас шамасы 40-тардағы ер адам пен бір әйел адам сол жерде тіл тарпай кетті. Қазір осы оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.

Аккумулятор ұрлаушылар ұсталды

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында ұялы байланыс станциясынан аккумулятор ұрламақшы болған екі ер адамды ұстады. Олар облыс орталығында және басқа да аудандарда ұрлық жасаумен айналысқан. Кәсіби ұрылар Тараз қаласы мен Сарысу ауданының тұрғындары екен. Олар осы уақытқа дейін 10-ға жуық аккумулятор ұрлағандарын мойындады. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қылмыскерлерден ұрланған заттарды сатып алған адамды да анықтады. Оның қоймасынан 30-дан астам аккумулятор батареясы табылып, тәркіленді. Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 196-бабы бойынша іс қозғалды.

Мас жүргізуші автотұрақтағы 6 көлікті соғып өтті

Қарағандыда спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, темір тұлпарды тізгіндейтіндер қатары азаймай тұр. Бұл жолы мерседес автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қоршауды бұзып өтіп, автотұрақта тұрған 6 көлікті соғып өтті. Тап осындай оқиға Қарағанды қаласында бұған дейін де қайталанған еді. Ол кезде жол талғамайтын көлік жүргізушісінің жауапсыздығынан бір әйел ажал құшты. Қайғылы жағдаймен аяқталған бұл оқиғаға кінәлі жүргізуші қазір тергеу абақтысында отыр. 

Киберқылмыскерлер көбейді

Қостанай облысында интернет арқылы жасалатын қылмыстар жиілеп кеткен. Биыл өңірде 600-ден астам осындай заңбұзушылық анықталды. Бұл өткен жылғыдан екі есе көп. Әлеуметтік желі арқылы алаяқтардың арбауына түсіп қалғандар да аз емес. Негізінен оңай олжа іздегендер ғаламтор кеңістігіндегі сауда алаңдарын пайдаланады. Арзан бағаға қандай бір тауар немесе мүлік ұсынып, алдын-ала төлем сұрайды. Сосын ізім-қайым жоғалады. 

Түтінсіз табак өнімдері еркін сатылып жатыр

Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 12 желтоқсаннан бастап «снюс» деп аталатын түтінсіз табак өнімдерін өндіруге, сатуға және таратуға елімізде тыйым салынғаны белгілі. Өйткені, еріннің астына салып соратын бұл өнімдерді балалар қолданса, соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Алайда, тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаментінің мамандары аталған тауарлардың сауда сөрелерінде еркін сатылып жатқанын айтып ,дабыл қағып отыр. Мәселен, жуырда дүкендерден алынған ресейлік «One tropic» кәмпиттерінің сыртында «никотин жоқ» деп жазылғанымен, құрамында 2,9 миллиграмм мөлшерінде темекі алкалойды анықталған. Сондай-ақ, күні кеше Бөрлі ауданы Бумакөл ауылында ойын балалары көше бойынан күдікті кәмпиттерді тауып алыпты. Тұрғындар бұл өнімдердің құрамында никотин бар ма деп алаңдап отыр.

Хабар 24 телеарнасы