429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде жертөледен табылған сілеусінді қасқыр талап өлтірді

  • 767
  • UPD: 22:37, 31.01.2020
Семейде жертөледен табылған сілеусінді қасқыр талап өлтірді RabStol.net

Семейдегі биологиялық орталықтағы сілеусін қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биоорталықтың хабарлауынша, оқиға 31 қаңтар күні кешкі сағат 16:00 шамасында болған.

«Табиғат қорғау полициясы сілеусінді уақытша осы орталыққа берген болатын. Орналастыратын орын болмаған соң оны жыртқыш аңдар вольеріне отырғыздық. Ол жерде қасқыр тұратын. Қасқыр жіңішке әрі тар жерге жайғасты. Ал сілеусін өзі ғана тұратын оқшау үйшікте өмір сүрді. Бірақ тамақтандыратын кезде қасқырды екеуіне ортақ іргелес вольерге кіргізетінбіз. Өйткені оның тұратын жерінде ас-ауқат беретін орын жоқ. Ал оны қолдан тамақтандыру қауіпті», - деп түсіндірді биологиялық орталықтағылар.

Биоорталық әкімшілігі сілеусіннің әрі қарайғы тағдыры қалай шешілетінін күтіп жатпай оған қауіпсіз, жайлы жағдай жасау үшін тиісті материалдарды іздеп, вольерді реконструкицялауды бастап кеткен еді.

«Кешкі ас кезінде үйшігінде жатқан сілеусін аяғын тордан шығарған, сол сәтте ет жеп отырған қасқыр оған тұра ұмтылып, аяғын талап тастады, сөйтіп ауыр жарақаттады. Сілеусін оқиға орнында көз жұмды», - деп мәлім етті зоологтар.

Оқиғаға байланысты тиісті құзырлы орган өкілдерінен тәуелсіз комиссия құрылды. Жануардың өлексесі мал қорымында жойылған.

Еске сала кетейік, бұл сілеусін 24 қаңтарда Семейдегі жертөледен табылған. Жыртқыш аң қаңғыбас мысықтармен қоректенбек болған. Сілеусін уақытша балалар биологиялық орталығына орналастырылған болатын.

Хабар 24 телеарнасы