424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда ер адам танысының 14 мың доллары мен алтынын ұрлады

  • 142
  • UPD: 11:53, 04.09.2020

Атырауда 47 жастағы ер адам танысының үйіне еркін кіріп, 14 мың АҚШ доллары мен  алтын бұйымдарын  ұрлап кеткен. 

Өзі күдікке ілінбес үшін пластикалық терезені сындырып, сейфті далаға лақтырып тастапты. Ондағы ойы белгісіз біреулер тонады дегенге сендірмек болған. Үй иелеріне телефон шалып, жайсыз хабарды да жеткізген. Бірақ оның  полицияға берген түсініктемесі қиыспай, сөздері күдік тудырады. Себебі «белгісіз тонаушылар» алтындардың бір бөлігін және 1,5 миллион тенгені алмай тастап кеткен. Ақыры қылмысын жасырмақ болған қулығы жүзеге аспай, мойындауға мәжбүр болды. Одан ұрланған ақша мен алтын бұйымдар алынды. Қазір осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Екі күн бұрын Баннов ауылының маңындағы Тоқтас өзеніне балық аулауға шыққа екі ер адамның жоғалып кеткендігі туралы хабар тараған еді. Іздестіру барысында 1992 жылы туған азаматтың денесі табылды. Екіншісі әлі іздестіріліп жатыр. Бастапқы болжам бойынша олар суға түскенде қауіпсіздік шараларын сақтамаған.

Сәтпаев қаласының Абай көшесіндегі үйдің екінші қабатындағы бір пәтер өртенді. Тілсіз жаудың лезде күш алғандығы сонашалық қызыл жалын тілі жоғары қабаттағы үш бірдей балконды шарпыған. Құтқарушылар арнайы құралмен ол пәтерлерден 8 ересек адам мен 2 баланы  төмен түсірілді. Жарақат алып, зардап шеккендер жоқ. Өрт  отты абайсыз падаланғаннан шығуы мүмкін деген болжам  бар. 

Павлодарда «Литейщик» кооперативтік қоғамындағы гараж өртенді. Бетоннан тұрғызылған гараж ішінің  біраз бөлігін от шарпыған. Ағаш сөрелері, басқа да тұрмыстық заттар жанып кетті. Қайта өрт сөндірушілер жанар-жағармай құйылған ыдыстарды сыртқа шығарып үлгірген. Әйтпегенде өрттің ауқымы одан зор болуы мүмкін еді. Өкінішке қарай гараж иесі қатты күйік алды. Оның жағдайы ауыр. Қазір өрттің шығу себебі мен келтірген шығын анықталып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы