Елордада 22 желтоқсан сағат 23:30-да «102» арнасына Бетон зауытының аумағында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Төбелес салдарынан ауруханаға екі ер адам жеткізілді. Біреуі кеуде қуысынан атыс жарақатын алса, екінші адам қарын тұсынан пышақ жарақатын алып, салдарынан екеуі де көз жұмды. Полиция қызметкерлері қаза тапқандардың жеке басын анықтады. Олар Қызылорда облысында туып өскен 39 және 44 жастағы ер адамдар болып шықты», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ауруханаға 24 жастағы жігіт атыс жарақатымен жеткізілген.
Жанжал қарыз міндеттемелерінің салдарынан туындаған. Соңы төбелеске ұласып, суық және атыс қарулары қолданылған.
Оқиғаға қатысқан 11 адам анықталып, ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.