389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Сағынтаев МӘМС аясында азаматтардың уақытылы тіркелуі үшін жағдай жасауды тапсырды

  • 410
  • UPD: 13:13, 23.05.2017
Б.Сағынтаев МӘМС аясында азаматтардың уақытылы тіркелуі үшін жағдай жасауды тапсырды Kapital.kz

Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметімен, оны дамыту жоспарларымен танысып, мемлекеттік қызметтер ұсыну үдерісін одан әрі оңтайландыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін отырыс аясында ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Оспанов сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтерді ұсыну үдерісін одан әрі оңтайландыру шаралары туралы баяндады.

ҚР Премьер-Министрі аталған барлық ұсыныстарға қолдау көрсету қажет екенін айтты, себебі бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтер алу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бақытжан Сағынтаев халықтан электронды растау анықтамаларын ұсыну талаптарын шектеу үшін екінші деңгейлі банктердің, сонымен қоса мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара байланысын ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Бұдан өзге, ҚР Ішкі істер министрлігіне Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп жеке куәлік құжаттарын Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында бір күннің ішінде және қалған өңірлерде жеті күннің ішінде беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Үкімет мүшелерінің назарын 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетініне, бұл азаматтардың Мемлекеттік корпорация немесе электронды тәсіл арқылы тіркелуін және мәртебесін растауын талап ететіндігіне аударды. Б.Сағынтаев азаматтарды уақытша тіркеу кезінде орын алған жағдайдың қайталануына жол бермеуді және халықты дүрліктірмеуді тапсырды.

Осыған орай, жауапты министрліктерге Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп азаматтардың аталған қызметті алу үдерісін жеңілдету шараларын қабылдау тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы