378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Өнер барысы» анықталды

  • 490
  • UPD: 23:35, 21.03.2019

Боз кілемде Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Еркебұлан Дайыров, Асылхан Төлепов секілді өнер саңлақтары қазақша күресіп, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

17 балуан сынға түскен доданы бас қаланың әкімдігі ұйымдастырды. Ал «Хабар» Агенттігі ақпараттық қолдау көрсетті.

Дәл қазір сайысқа түсетін өнер жұлдыздары дайындалып жатыр. Боз кілемнің иісін аңсап келген өнер жұлдыздары осы жерде.

Ардақ Байғабылов, актёр, тележүргізуші:

- Дайындық керемет. Қазір шығамыз боз кілемге. Бұған дейін күрескенмін. Бірақ кәсіби түрде емес.

Абай Аязбаев, актёр:

- Әрине, бұл жерге ешкім жеңілу үшін келмейді ғой. Бәрі жеңуге келіп отыр. Олар неге келгенін білмеймін. Өзім жеңіп аламын ғой бәрін. Бекер уақыттарын өткізіп.

Бүгін театр тарландары, кино актерлері, әншілер мен айтыскерлер күресті. Бозкілемге шыққандардың арасында Серік Ибрагимов, Нұрлан Мұсаев, Әлібек Серғалиев, Амангелді Өтешов, Нұрболат Абдуллин секілді өнерпаздар бар. Бұл белдесу бәйгесін бас қаланың әкімдігі ұйымдастырды. Ал «Хабар» Агенттігі ақпараттық қолдау көрсетті.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Жарыс екі салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Жеңіл салмақ, ауыр салмақ. Әр салмақта өзінің жүлде қоры бар. Бас жүлде – алтын белбеу. Екі белбеу болады. Соларды жеңіл салмақта және ауыр салмақта иеленеді. Барлық қатысушылар қомақты қаражатпен марапатталатын болады.

«Өнер барысына» қатысқан 17 балуанның ішінде боз кілемді аңсап келгендер бар. Яғни олар қазақ күресі болмаса да, бұған дейін белдесудің басқа да түрлерімен айналысқан.

Мейіржан Төребаев, актёр:

- Кейбіреулері еркін күреске бардым деп айтады.  Одан қорықпаймыз. Қазір көрсетеміз.

Міне, Мейіржан Төребаев бүгін дайындығын осылай көрсетті. Белгілі вайнер киноактер Еркебұлан Дайыровпен белдесті. Күрес өте тартысты өтті. Бірақ Еркебұлан соңғы секундтарда Мейіржаннан басым түсті.

Мейіржан Төребаев, актёр:

- Шамалы допинг жетіспеді. Маған бапкер әдісті ұстап қал деді. Ал мен әдіс жасағым келді. Содан шамалы қате жібердім.

Еркебұлан Дайыров, актёр:

- Қарсылас қайратты жігіт екен. Мен олай деп ойламап едім. Осыдан-ақ қазақ жігіттерінің қарулы, қайратты, білекті екенін білуге болады.

Наурыз мерекесіне орайластырылған өнер адамдары арасындағы бүгінгі турнирдің әр кездесуі дәл осылай қызықты өтті. Әр қатысушы өнерде де, спортта да алдына жан салмайтынын дәлелдеп бақты. Бірақ бүгінгі дүбірлі доданың басты мақсаты – мықтыны анықтау емес, қазақ күресін кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты спортқа баулу.

Ардақ Байғабылов, актёр, тележүргізуші:

- Бұл жерде мақсат – қазақ күресін дамыту. Барынша қазақтарға насихаттау. Қазақ балаларын төл күреспен айналыссын деген мәселені көтеріп отырмыз. Және әдемі күрес көрсету, паш ету. Бүкіл ел көрсін деген мақсатымыз.

Сонымен, жеңіл салмақ бойынша ақтық сайыста «Жау жүрек мың бала» кездесті. Бас жүлдеге Сартай мен Таймас таласты. Дәлірек айтқанда, бұлар: киноактерлер Аян Өтепбергенов пен Асылхан Төлепов. Ал ауыр салмақта Ардақ Байғабылов пен актер Сырымбет Бибосынов күресіп, алтын белбеуді сарапқа салды. Сөйтіп, «Өнер барысы» болып Асылхан мен Сырымбет атанды.

Авторлары: Ж.Біркенов және Ә.Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы