383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Киберспорт қатарына тоғызқұмалақ қосылуы мүмкін

  • 188
  • UPD: 23:36, 20.05.2019

Қазір киберспортты білмейтіндер кемде-кем.

Компьютерлік ойындар әсіресе жастар арасында кең тараған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Әлемде 201 миллион адам кәсіби түрде киберспорпен айналысса, оның аудиториясы 395 миллион адамға жетті. Жақын жылдары киберспорт танымалдық жағынан футбол, хоккей секілді дәстүрлі спорт түрлерімен тең дәрежеде бәсекеге түседі.

Биыл компьютерлік ойындар нарығындағы қаржы айналымы 1 миллиард долларға жетеді. Әлемде үлкен шоу-сайыс деңгейіне көтерілген спорт түрінің әлеуметтік маңызы да бар. Аталған тақырып Астана экономикалық форумының сессиясында талқыға түсті. «Қазақтелеком» компаниясы ұйытқы болған жиынға киберспорт саласының айтулы мамандары қатысып, болашақтың ойыны туралы ойларын ортаға салды.

ХІІ мәрте ұйымдастырылған Астана экономикалық форумында тұңғыш рет киберспорт тақырыбы талқыға түсті. Бүгінде компьютерлік ойындар әлемде қанатын кеңге жайды. Биыл дүниежүзінде 737 жарыс ұйымдастырылып, олардың жалпы жүлде қоры 150 миллион долларды құрады. Ғаламтордағы компьютерлік ойындарға деген қызығушылық Қазақстанда да артып келеді.

Джейсон Фанг, Alisports ұйымының электронды спорт бойынша ғаламдық директоры:

- Қазақстан нарығында киберспорт жылдам дамып келеді. Сондықтан оған қолайлы жағдай жасап, экожүйеге мән берген дұрыс. Себебі командалар көбейіп, олардың жеңіске жетуге мүмкіндігі артады. Нәтижесінде халықаралық деңгейдегі жақсы мамандар қалыптасады.

Сарапшылар алдағы төрт жылда ғаламтордағы қаралымдардың 80 проценті бейнекөрсетілімдер болатынын айтады. Қазір компьютерлік ойындар аудиториясының 54 процентін 18 бен 35 жастағы ойыншылар құрайды. Сондықтан киберспорт жастар арасындағы әлеуметтік жағдайды шешуде де үлкен рөл атқарады. Себебі, компьютерлік ойындар арқылы жұрттың цифрлық сауаттылығы артып, түрлі кәсіпті меңгеруге болады.

Әлібек Аханов, Қазақстан киберспорт федерациясының бас хатшысы:

- 2017 жылы Польшада жарыс өтті. Қазақстандық «Гамбит» командасы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, 500 мың доллар сыйақы алды. Былтыр киберспорт жазғы Азия ойындарында көрсетілді. Оған Қазақстанның да ойыншылары қатысты.

Жақын арада киберспорттың қатарына тоғызқұмалақ та қосылуы мүмкін. Қазақстан киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, аталған спорт түрінің елімізде болашағы зор.

Авторлары: Қанат Базылхан, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы