384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда әлемнің елу елінен келген 1500-ге жуық атлет бақ сынасады

  • 123
  • UPD: 16:06, 14.07.2019

«Ironman Astana» таң сәріде басталды. Әлемнің 50 елінен келген 1500-ге жуық атлет Есіл өзенінде алғашқы жүзу кезеңіне кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсекенің осы сәті тартысқа толы болды. Тек мықтылары суырылып алға шықты. 1900 метрлік жүзу сынынан кейін олар 90 шақырымдық велобәйгеге ойысты.

Алексей Сидоренко, Race директор:

Осы жолғы бәсекенің басты ерекшелігі, оған про санатындағы спортшылар қатысып жатыр. Сондай-ақ олардың салқындап алуына арнайы мұз әкелдік. Себебі ауа райы өте ыстық. Екінші жыл қатарынан өтіп отырған айронмэн арқылы елордамыз триатлоншылардың орталығына айналды.

Веложарыс кезінде спортшылардың арасы ұзай бастады. Ерлермен қоса, әйелдер де жеңіске лайық ерік-жігер танытты. Ал үшінші - 21 шақырым жүгіну кезеңінде көшбасшылардың алғашқы тобы анықталды. Мәре сызығын бірінші болып британиялық Нилс Фрумхолд кесті. Ол жарысты 3 сағат 46 минут 7 секундта аяқтады.

Нилс Фромхолд, жарыс жеңімпазы (Ұлыбритания):

- Соңғы 10 шақырым өте қиын болды. Бірақ бүгінгі көрсеткен уақытым соған тұрарлық. Қазір тек демалғым келіп отыр. Алда тағы бір байрақты бәсеке күтіп тұр.

Даниил Сапунов, жарысқа қатысушы:

- Бірінші кезеңде өзгелерден қалып қойдым. Кейін арақашықты қысқарта алмадым. Су маған сәл ауырлау көрінді. Ол өте тығыз болған секілді. Алғашқы топтан қалып қойсаң, осындай нәтиже күтеді.

Ал әуесқойлар арасында қазақстандық әйгілі спортшы Александр Винокуров екінші келді. Ол жарыс сынақтарын 4 сағаттан астам уақытта еңсерді.

Александр Винокуров, жарыс жеңімпазы:

Кәсіпқойлармен жарысу оңай емес. Бәрінен де жүгіру қиын. Веложарысты оңай еңсеремін. Жүзу де солай. Енді алдағы уақытта Ницца қаласында өтетін бәсеке бар. Соған қатысқым келеді. Кейін Жаңа Зеландияға да барып, жеңімпаздар арасынан көрініп қалармын.

Айта кеткен жөн, триатлоннан тағы бір әлемдік бәсеке келер жылы Жаңа Зеландияда өтеді. Елордадағы үздік нәтиже көрсеткін 40 спортшы сол жарысқа жолдама алады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы