387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық жұп синхронды жүзуден Токио олимпиадасына жолдама алды

  • 304
  • UPD: 11:38, 28.08.2019
Қазақстандық жұп синхронды жүзуден Токио олимпиадасына жолдама алды sputniknews.kz

Синхронды жүзуден Қазақстандық спортшылар Александра Немич пен Екатерина Немич Токио Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жерлестеріміз Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында тәуір нәтиже көрсетіп, құрлықтағы рейтингі бойынша кешенді сынға қатысуға мүмкіндік алды. Жұптық сында өнер көрсететін ағайынды спортшылар төрт жыл бұрын Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да қатысқан болатын. Қазір қазақстандық спортшылардың еншісінде Токио ойындарының 12 жолдамасы бар.

 

«Вуэльта» көпкүндігі

«Вуэльта» гранд-турының төртінші кезеңі жалпы есепке өзгеріс енгізген жоқ. Топ жарудан дәмелі мықтылардың бәрі де күштерін тау жолдарына сақтап келеді. «Астана» велоспортшылары 175 шақырымға созылған кезеңді бірқалыпты жүріп өтті. Команда капитаны Мигель Анхель Лопеске дем берген спортшылар колумбиялық велошабандоздың жалпы есептегі көрсеткішін жақсартуға септесті. Төртінші кезеңде Голландия чемпионы Фабио Якобсен жеңіске жетті. Ол спринтерлік сайыста Сэм Беннеттен озып кетті. Мигель Анхель Лопес 21-ші болып жарысты аяқтады. Жалпы есепте ирландиялық Николас Роуч «қызыл жейдені» сақтап қалды. Сосын Наиро Кинтана мен Ригоберто Уран келеді. «Астана» капитаны көшбасшыдан 33 секунд қалып тұр. Бүгін велоспортшылар 170 шақырымдық тау жолдарында сынға түседі.

 

US Open турнирі

Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Александр Бублик Америка ашық біріншілігінің екінші кезеңіне шықты. Әйелдер арасындағы сында Юлия Путинцева жарысты жалғастырады. Қазақстандық спортшы бүгін корт иесі Мэдисон Бренглден басым түсті. Есеп: 6:3, 6:3.

Михаил Кукушкин АҚШ ашық біріншілігінің екінші кезеңіне шықты. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда испаниялық Роберто Баутиста-Агуттен басым түсті. Есеп: 3:6, 6:1, 6:4, 3:6, 6:3. Кукушкин екінші кезеңде австралиялық Алексей Попыринмен ойнайды. Қазақстандық Александр Бублик те жарысты жалғастырады. Ол алғашқы айналымда колумбиялық Сантьяго Хиральдоның осал тұсын тапты. Кездесу бес партияға дейін созылды. Қорытынды есеп: 2:6, 6:0, 7:5, 3:6, 6:4. Бублик енді италиялық Томас Фабианомен шеберлік байқасады. Әйелдер арасында Юлия Путинцева бар. Ол бүгін корт иесі Мэдисон Бренглді жеңді. Ал, Зарина Диас австралиялық Эшли Бартиден ұтылып қалды.

 

Алексис Санчес «Интерге» ауысуы мүмкін

«Манчестер Юнайтед» шабуылшысы Алексис Санчес «Интерге» ауысуға дайындалып жатыр. Италия клубы Чили футболшысын жалға алып, кейін 15 млн еуроға сатып алуды көздейді. Алайда келісімшартқа ойыншының жоғары жалақысы кедергі келтіруі мүмкін. Қазір Санчес «Манчестер Юнайтедте» аптасына 426 мың еуро алады. «Интер» осы соманың жартысын ғана төлеуге дайын. Чили шабуылшысы «Юнайтед» сапына 2018 жылы «Арсеналдан» ауысып келгенді. Алайда Манчестерде футболшының ойыны жүрмей, негізгі құрамнан сырт қалды.

Хабар 24 телеарнасы