378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Реал» Испания суперкубогының иегері атанды

  • 266
  • UPD: 11:25, 13.01.2020
«Реал» Испания суперкубогының иегері атанды vesti.kz

«Реал» Испания суперкубогының иегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Королдік клуб финалда «Атлетикодан» айласын асырды. Суперкубок сайысы Сауд Арабиясының Жидда қаласында өтті. Мадрид дербиі әдеттегідей тартысқа толы болды. Алайда, негізгі және қосымша уақытта қарсыластар есеп аша алған жоқ. Пенальти сериясында «Реал» футболшылары мергендік танытты. Қорытынды есеп: 4:1. Мадридтің «Реалы» Испания суперкубогының 11 дүркін жеңімпазы атанды. «Атлетико» бұл кубокты екі мәрте иеленгенін айта кетейік.

 

Хоккей: «Барыс» «Локомотив» 4:3

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының кезекті жарыс күні Ярославлдың «Локомотивін» қабылдап, овертаймда жеңіске жетті. Есепті Никита Михайлис ашты. Сосын Корбэн Найт нәтижені еселей түсті. Үзілістен кейін Ресей командасы бір шайбамен жауап қатты. Алайда, «Барыс» сапынан Дастин Бойд мергендік танытып, айдын иелерінің мерейін үстем етті. Андрей Скабелка шәкірттері қажетті есепті ойын соңына дейін сақтап қала алмады. «Локомотив» қатарынан екі шайба соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Овертаймда Антон Сагадеев белсеніп, «Барысқа» жеңіс сыйлады. Елорда командасы келесі кездесуін 14 қаңтарда өткізеді. «Барысқа» «Салауат Юлаев» қонаққа келеді. Қазір Скабелка хоккейшілері шығыс конференциясында 47 ойыннан кейін 61 ұпай жинап, үшінші орында тұр.

 

Баскетболдан ВТБ лигасы: «Парма» «Астана» 100:91

«Астана» баскетболшылары ВТБ лигасының кезекті жарыс күні Ресейдің «Пармасына» қонаққа барып, 91:100 есебімен жеңіліп қалды. Матч овертаймға дейін созылды. Бұған дейін қатарынан екі ойында жеңіске жеткен «Астана» чемпионатта соңғы орында келе жатқан командаға есе жіберді. Алғашқы айналым 22:22 нәтижесімен тең өтті. Сосын ресей баскетболшылары басымдық танытып, алға шықты. «Астана» соңғы айналымда таразы басын теңестіріп, кездесуді овертаймға жеткізді. Қосымша уақытта Пермь командасының жолы болды. «Астана» бірыңғай лигадағы келесі ойынын 26 қаңтарда өткізеді. Елордаға Польшаның «Зелена Гуры» клубы келеді.

 

Теннис: Брисбен турнирі

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қытайдың Шэньчжен қаласындағы халықаралық турнирдің финалына дейін жетіп, шешуші матчта ресейлік Екатерина Александровадан жеңіліп қалды. Бір сағат 14 минутқа созылған ойын 6:2, 6:4 есебімен аяқталды. Ұтыс қоры 750 мың долларды құрайтын турнирден кейін Рыбакина Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды. Теннисші қыздардың бір тобы Австралияда жүр. Жасыл құрлықтағы айтулы жарыстың бірі Брисбен қаласында өтті. Финалда чехиялық теннисші Каролина Плишкова Мэдисон Киздан басым түсіп, осы турнирдің үш дүркін чемпионы атанды. Есеп: 6:4, 4:6, 7:5. Плишкова Брисбендегі жарыста бұған дейін 2017 және 2019 жылдары топ жарған болатын.

Хабар 24 телеарнасы