476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Фернандо Алонсо спортқа оралады

  • 688
  • UPD: 10:40, 10.07.2020
Фернандо Алонсо спортқа оралады

Автоспорт әлемінде аты аңызға айналған Фернандо Алонсо өз командасына қайта оралады. Кәсіпқой спортшы бұған дейін Формула-1 бәсекесінде бірнеше рет топ жарған. Кейін спорттық мансабын аяқтағанын жариялады. Енді араға біраз уақыт салып, қайта бағын сынауды жөн көріпті. Фернандо Алонсо алдағы жылдан бастап жарысқа араласады және 19 миллион доллар көлемінде ақы алады.

Фернандо Алонсо «Рено» командасында өнер көрсетеді. Бұл жаңалық қазір әлемдегі спорттық басылымдарда жарыса жарияланып жатыр. Франциялық клуб осы арқылы өз нәтижесін жақсартқысы келетінін жасырмайды. Басқа жағынан, спортшының жасы 40-қа келіп қалды. Оны да ескеру керек. Өйткені қазіргі автоаламандар жылдамдық пен ептілікке негізделген.

Фернандо Алонсо, автоспортшы:

- Менің ойымша, жарыс жолында тәжірибенің де маңызы бар. Сондықтан өз командама қайта оралғаныма қуаныштымын. Бір кездері осы команда сапында чемпион атанып едім. Енді сол нәтижені қайталағым келеді.

Сирил Абитебул, «Рено» командасының басшысы:

- Біздің келісімді көпшілік түсінбей жатыр. Өйткені өз академиямыз, сәйкесінше өзіміздің жас спортшыларымыз бар. Бірақ қазір қалыптасқан жағдайға байланысты жарыстар тоқтап тұр. Яғни олардың қарым-қабілетін байқай алмаймыз. Ал Алонсо өз мықтылығын уақытпен дәлелдеген тәжірибелі спортшы.

Расында да испаниялық спотшы Формула-1 бәсекесінің 17 маусымына қатысты және 4 команда сапында өнер көрсетті. Сондықтан тәжірибесі әбден толысқан. Тағы бір айта кетерлігі, екі мәрте дәл осы Рено көліктерімен чемпион атанған болатын.

Фернандо Алонсо, автоспортшы:

- Қазір біртіндеп бапқа келіп, шеберлікті шыңдай түсуіге мүмкіндік бар. Коронавирусқа қатысты үзілісті тиімді пайдалану қажет. Алдағы автоаламанда топ жарғым келеді және осы жетістікке жететінімен сенімдімін.

Негізі әлемдік деңгейдегі 3 автоаламан бар. Ал кейіпкеріміз оның екеуінде топ жарды. Ендігі арманы қалған Инди-500 додасының чемпионы атанып, спорт тарихында өз атын қалдыру. Бұған дейін бұндай жетістікке бір ғана спортшы қол жеткізді. Ол британдық Грэм Хилл.

Авторлары: Аслан Қаженов, Біржан Валиев

Хабар 24 телеарнасы