426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Футбол: «Қайрат» Израильдің «Маккаби» командасымен кездеседі

  • 134
  • UPD: 09:38, 12.09.2020

Келесі аптада футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық жанкүйерлер Алматының «Қайраты» мен Қызылорданың «Қайсары» және елордалық «Астананың» жолына үмітпен қарайды. Он жетінші қыркүйекте «Қайрат» командасы Израильдің «Маккабиімен» кездеседі. Алдағы болатын жауапты ойынға алматылықтар жан-жақты дайындық жүргізіп жатқан көрінеді.

Биыл алматылықтардың аяқ-алысы тәуір. Ұлттық біріншілікте жеке дара көш бастап тұр. Еуропа лигасында сәтті бастады. Дегенмен нағыз сыналатын кез алда. Қайраттың қаншалықты қайратты екені осы ойындарда белгілі болады. Ертең Шпилевский шәкірттері турнир кестесінде өздерімен үзеңгі қағыстырып келе жатқан Қызылорданың «Қайсарымен» кездеседі. Ал дүйсенбі күні Израильді бетке алады. Яцек Гуральски секілді ұлттық құрамаға шақырту алған кейбір легионерлер қатарға енді қосылады. Абырой болғанда жарақат алған ешкім жоқ. Толыққанды дайындық жүргізу үшін үзіліс уақытында жастарға мүмкіндік бердік дейді бас бапкер Алексей Шпилевский.

Алексей Шпилевский, «Қайрат» командасының бас бапкері:

- Мен команда тізгінін ұстаған екі жылда «Қайратта» көп өзгеріс болды. Жақсы жағына деп айтар едім. Өзіндік ойын үлгімізді қалыптастырдық. Тактикалық, физикалық тұрғыда тың серпіліс бар. Талантты жастармен қатар тәжірибелі футболшылармен толықтық. Қазіргі бар ойымыз «Қайсар». Чемпион болу үшін ұпайдан шашу шығармауға тиіспіз. Одан кейінгі мақсатымыз – «Маккабидің» осал тұсын табу.

«Қайрат» Еуропа жарыстарында израильдік клубтармен үшінші рет жолыққалы отыр. Екі рет қарсыластарына есе жіберген. Үшінші жолы қалай боларын уақыт көрсетеді. Қайрат Хайфаның «Маккабиіне» қонаққа барады. Құрамында Лукавица, Ашкенази секілді мықтылары бар «Маккаби» осал емес. Оны тәжірибелі Вагнер Лав жақсы біледі. Мәскеудің ЦСКА-сында жүргенде Маккаби жігіттерімен иық қағыстырып көрген бразилиялық легионер жеңіске жету үшін жанкештілік танытуға тиіспіз дейді.

Вагнер Лав, «Қайрат» командасының  шабуылшысы:

- Израильде бізге өте қиын болады. Сондықтан алғашқы минуттардан сауатты ойын көрсетуіміз керек. Қателік кешірілмейді. Өйткені қазіргі жағдайға байланысты жолдама тағдыры бір ойында шешіледі. Яғни бұрынғыдай қарымта кездесу деген болмайды. Ендеше бұл ойын біздер үшін өте маңызды болмақ. Осыны алаңға шығатын әрбір ойыншы түсіну керек.

Бразилиядан бастап, біраз елде доп теуіп келген Вагнер Лав біршама биікті бағындырды. Бірақ әліде жеңіске деген жігер мінезін жоғалтпаған. Шау тартып қалған демесеңіз, қайраты қайта қоймапты. Жаттығуда жанын салып жүр. Вагнерден қазақ жастары үлгі алса дейсің.

Хабар 24 телеарнасы