378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау 2019: Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік сайлауға түседі

  • 1908
  • UPD: 22:04, 23.04.2019

9 маусым күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға Nur Otan партиясы атынан үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев түседі. Тұңғыш Президент әрі саяси ұйым төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия атынан Қасым-Жомарт Кемелұлын жоғары лауазымға кандидат ретінде ұсынды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл Nur Otan партиясының соңғы 2 айдың ішінде екінші рет өткізіп отырған съезі. Бірақ бұл жолғысы алдыңғысынан әлдеқайда бөлек. Ақпан айында-ақ Nur Otan алдағы онжылдыққа арналған бағдарламасын бекітіп, партиялық 4 жобаны жүзеге асыруды бастаған еді. Енді міне, кезек өзге маңызды оқиғаға келді.

Кезектен тыс съезге жиылған делегаттар саны 650-ге жуық. Одан бөлек дипломатиялық корпус өкілдері де бар. Nur Otan-ның саяси ұйымдар арасынан алғаш болып үміткерін анықтайтыны жайлы жаңалық шыққалы бері қоғамда гу-гу әңгіме көбейгені рас. Елбасы әрі партия төрағасы бүгін көкейдегі сол көп сауалға жауап берді. Ізбасары болуы мүмкін тұлғаны анықтау қаншалықты қиын болғанын да жасырмады.

Бірақ бұл жайында сәл кейінірек. Қазір Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастап, халық қоштап жеткен жетістіктері жайлы. Қазақ елі тәуелсіздік жолында талай нәубетті бастан кешсе де, тәуелсіздікке ақыры қол жеткізді. Егемендік жылдары заман көшінен қалмай, озық 50 елдің қатарынан да көрінді. Ұлы дала ұрпағын осы жолда бастап, әрбір ойын ұлттық ұстаныммен ұштастыра білген тұлға бар. Ол - Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

- Қандай кезең болмасын, мені халқым қолдады. Елбасымен халық бірге болды. Ризамын, алғысым шексіз.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын». Ескіде айтылған сөздің қашан да мәні зор. Бұл ұғым Елбасының мәңгі ұраны іспеттес. Елінің қыран құстай қалықтауы басты мұраты екені әрбір сөзінен аңғарылады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі индустриалды-инновация бағдарламалар мен түбегейлі жаңару әрі рухани жаңғыру осы сөзімізге дәлел.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

- Дүние жүзінде неше түрлі болып жатыр. Ғылым мен технология заманында артта қалмас үшін бірлік керек. Бірлікті ұстау керек. Бес саусақ бірдей емес. Батыстың артымен жүріп, демократиямен жүреміз деу қиын. Елдіктен арыламыз. Тәуелсіздіктен жұрдай боламыз. Көп халықтың бірлігі өте қажет. Сол бірлік үшін жұмыс істейміз бәріміз. Осы мәселеге көңіл бөлу керек. Алауыз болсақ, мұндай болмас едік.

Nur Otan – Елбасы саясатының кепілі. Тұңғыш Президент жүктеген міндеттердің қозғаушы күші. Жақында ғана іске қосылған «Ауыл - ел бесігі», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» сынды бағдарламалар партия мәртебесін көтеруде игі ықпал етіп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Оtan партиясының төрағасы:

- Бұл жай сөз болмауы керек. Барлық нәтижеге жеткізу керек. Про эти программы я говорил.

Елді әділ сайлау өткізуге үндеген Нұрсұлтан Назарбаев көп ұзамай үміткердің есімін де жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

- Я Касым-Жомарта Токаева знаю много лет. Он был на самых важных участках. Тәжірибесі жоғары бағаланды БҰҰ-да. Мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысы кезінде жұмыс істеді. Ұлттық қордың құрылуына атсалысты. Даму институттары пайда болды. Зейнетақы жүйесі қалыптасты. 

«Сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын». Nur Otan партиясының атынан президентікке үміткер ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде осылай деді. Оған съезд делегаттары түгелдей қолдау білдіріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тарихтың жаңа тарауын бастаған егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр. Елбасының парасаты, пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашты. Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді. 

Съезд делегаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуы жолында атқарған ерен еңбегін де ерекше атап өтті. Бірі спорт пен мәдениет, енді бірі денсаулық сақтау мен білім салаларында жеткен жетістіктерге тоқталды. Ел ағасы Жақсылық Үшкемпіров те солардың бірі болды. Қазақтан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Елбасының ерекше назарындағы Жетісу жерінің бақуатты тірлігін сөз етті.

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы, спорт саласының ардагері:

- Көк байрағымыз желбіреген күннен көп іс атқарылды. Соның бірі ретінде Жетісу жеріндегі жұмыс. Біздің облыс сан сала бойынша ел экономикасын арттыруға ықпал етуде. Қант қызылшасын өсіру бойынша көрсеткішін арттыруда. Спортшыларымыз қоржынды алтынға толтырып келеді.

Жетісу секілді Атырау жұртының да Тұңғыш Президентке айтар алғысы зор. Елең-алаң шақта өңір ауқымды инвестиция тартып, мұнай өндірісі жөнінен көшбасшы орынға шыққан еді. Атырау мұнай өңдеу зауытымен де мақтанады. Алдағы уақытта оған 6,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады деп күтіліп отыр. Ал тұрғын үй салу көрсеткіші аймақта рекордты деңгейде. Жыл сайын 800 мың шаршы метр баспана бой көтереді. Тұңғыш Президенттің елге сіңірген еңбегі дегенде, білім саласындағы жетістіктерді айрықша атап өту қажет. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы талай жастың әлем көріп, ілім-ғылымға бет бұруына жағдай жасады. Бұдан бөлек заманауи Назарбаев Университеті мен мектептері бар. 

Жеткерген Жаншораев, Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

- Мен өзіңіз негізін қалаған Назарбаев университетінің магистрімін. Назарбаев мектебінде жұмыс істеймін. Мен өзіңіз бастаған істің бір жемісімін.

Алда елді үлкен науқан күтіп тұр. Халық өз таңдауын жаңылмай жасаса игі. Сөз соңында Елбасы президент өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешіміне тағы бір мәрте тоқталды. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елін 30 жылға жуық басқарды. Кеңес кезеңінде-ақ көшбасшылықты қолға алып, өз жұртын соңынан ерте білді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы