386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде дипломмен ауылға барғысы келетін жастар неге аз

  • 202
  • UPD: 12:29, 13.09.2019

Ауыл да дипломы бар жасты қабылдауға дайын емес.

Мұғалім, дәрігер, ветеринарға мұқтаждық бұрыннан бар. Жүзеге асқанына 10 жыл болған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы осы мәселені шешуге бағытталған.

Осыдан он жыл бұрын елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылды. Осы орайда 60 мың түлек тиісті жолдамаларын алған. Бүгінге дейін маман тапшылығы жойылуы тиіс еді. Бірақ күрделі мәселе сол күйінде тұр. Елордадағы аграрлық университет екі жылда 30-ға жуық түлегін ауылға жіберді. Бірақ бағдарламаға қатысқандары – төртеу-ақ.

Нұрлан Серікпаева, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ департамент директоры:

– Өзекті мәселелер бар. Мысалы, ауылға барады. Бірақ көбі материалдық көмек алмайды. Соңғы екі жылда жіберген азаматтардың үшеуі ғана ақшалай түрде алды.

Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінетін грант құны 635 мың теңге, ал 5 жыл бойы оқытылатын ветеринардың гранты – 342 мың теңге. Мамандар бағаны теңестіруді сұрайды. Олардың айтуынша, кадр тапшылығын жою үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылар әлеуметтік қолдаудан қағылмауы керек.

Нұрлан Серікпаева, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ департамент директоры:

– Бұл мәселеде қандай ұсыныстар айтуға болады. Ең алдымен ауылға келген жас мамандарға сол тұрғылықты аймақтағы әкімшіліктер көңіл аудару керек. Осыны облыс, аудан әкімдерінің рейтингіне енгізу керек. Мамандықтар бойынша ауданда қалу үшін олардың жағдайын жасау керек.

Қазір Қостанай, Алматы, БҚО-да дәрігер тапшылығы өзекті. Еліміздегі медициналық оқу орындарын былтыр 4000-ға жуық маман бітіріп шыққан. Олардың жартысы ғана жұмыспен қамтылды. Бос орынға жастар қызықпайды емес, тек дипломын арқалап ауылға барғысы келетіндері аз.

Ильянұр Ажғалиева, ҚР ДСМ ғылым және адами ресурстар департаментінің басқарма басшысы:

– Заң талаптарына сай бізде білім және ғылым министрлігіне қарайтын қаржы орталығы бар. Олар сол түлектердің қажетті елді мекендерге жетуін бақылайды. Егер бағдарлама қатысушылары ауылға барудан бас тартса, оқу төлемін қайтаруға міндетті. Жас маманға 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы мен 3,7 млн теңге көлемінде үй салу үшін несие беріледі. Бірақ жастар негізінен үлкен қалаларда жұмыс істеуді қалайды.

Мұғалім, дәрігер, ветеринар. Дипломмен ауылға баратын мамандар осы. Ал тиісті қолдауды көрмей отырғандарға айтылатын уәж аудандарда үй жоқ. Оны салуға несие алу үшін кепілдік сұралады. Мамандар «бағдарламаның түпкі мақсаты орындалу үшін әлі де жетілдірілуі керек», – дейді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы