384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлеуметтік желілер мәселені шешуде әлеуетті ме?

  • 362
  • UPD: 15:21, 26.10.2019

Жазылған хат, айтылған ұсынысқа шенділер қалай қарайды? Қазір жұрт білгісі келетін жағдайдың бірі осы. Парақшасын мұқият қадағалап, сын-ескертпелерге мән беретін әкімнің бірі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының басшысы  Серікқазы Сәдуақасов екен.

Тарбағатай ауданында 60 елдімекен, 40 мыңға жуық халық бар. Әлеуметтік желіні еркін меңгерген ауыл тұрғындары қазір аудан әкімінің қабылдауына жазылып әбігер болмайды. Замана жетістігі уақытты үнемдеп, алысты жақындатып отыр. Мәселен, Құйған ауылының тұрғындарын 60 жылдан бері көпір мәселесі қинап келген. Әкімнің парақшасында әңгіме қозғалғаны сол еді, нәтиже де тез шықты. 

Нағызхан Дәуітбаев, Құйған ауылының тұрғыны: 

- Бұған енді халық ризашылығы шексіз, алғысымыз шексіз. Мал жайылымдары ар жақта болғандықтан біз өте алмаймыз. Су қатқаннан кейін мал өте алмай қалады. Көктемде бір екі ай тасқын болады, ол кезде өте алмаймыз. Сонан соң осының ар жағында елдімекен Жалаңаш деген жер бар, 100-дей тұрғыны бар. Ол ауылдың көліктері де өте алмайды. Таудың ішінде түгел ауылдың қожалықтары бар, малдары қыстайды. Қысы-жазы қатынас өте қиын болған. 

Ал Қабанбай ауылының маңынан ағатын Шорға өзенінің арнасы 15 жылдан бері тазаланбағандықтан су маңайдағы жайылымдық жерлерді басып қалатын. Бұл да әлеуметтік желіде көтерілді. 

Бақыт Ақмолда, Қабанбай ауылының тұрғыны: 

- Су жайылып, шабындықтарға, бәріне зиян келтіріп, елдер шөбін шаба алмай, мал азығы дер кезінде дайындай алмай қалатын. 500 гектардай судың астында жататын жайылым, шабындық. Енді биыл, мына аудан басшылығы көмек қолын созып, өзен бір арнасына түсіп, аяғына дейін аршылып, қазір Зайсан көліне құйып жатыр.

Ал бұл қызметке тағайындалғанына 6 ай болған аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов әлеуметтік желі билік пен халық арасындағы көпірге айналып, өзіне көмекші құрал болғанын айтады. 

Серікқазы Сәдуақасов, Тарбағатай ауданының әкімі: 

- Кей кезде кабинетке келген кезде айта алмайтын сөздерін мына ғаламторда айтып, жазып, солай жасағаны дұрыс ол бір жағынан. Қорқатын ешнәрсесі жоқ. Қайта халықпен басшыларды жақындатады. Өйткен себебі, көпір секілді болып қалды. Сонда жазылған кемшілікті орындап отырсақ, халық көреді ғой. Бүгін бізді қойды басшы қылып, халық болмаса қайдан басшы боламыз. Сондықтан осылай жұмыс жасап отырмыз, негізі халықтан үлкен ешкім жоқ. 

Заманауи әкім жұмыстан кейін сағат кешкі 9-дан 10-ға дейін бір сағат арнайы парақшасына кіріп, сауалдарға жауап береді екен. Болашақта интернеті жоқ ауылдарға да желі тартуды қолға алмақшы. Мақсат тұрғындармен байланысты күшейту. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы