384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков шағын құрамда келіссөздер жүргізді

  • 158
  • UPD: 17:22, 27.11.2019
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков шағын құрамда келіссөздер жүргізді

Қазақстан Президентін «Ала-Арча» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі елдің мемлекеттік әнұраны шырқалып, Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына рапорт берді, деп хабарлады Ақорда сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Құрмет қарауылын аралап өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін «Ақсақалдар» залында шағын құрамдағы келіссөздер өтті.

Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестік бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ, халықаралық құрылымдар аясындағы көптеген мәселені қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековке қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, оның қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.

Қазақстан Президенті өзінің Бішкекке жасаған мемлекеттік сапарына зор мән беретінін атап өтіп, екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін айтты.

Сооронбай Жээнбеков Қазақстан Президентінің сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековті 2020 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Хабар 24 телеарнасы