419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайға қыста демалуға келгендерге қандай қызмет түрлері ұсынылады

  • 731
  • UPD: 10:36, 18.12.2019

Бурабайда қыстыгүні келушілерге қызмет көрсететін туристік нысандар көбейіп келеді, хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, қазір курортты аймақта 150-ге жуық қонақүй мен мейрамхана бар болса, олардың 100-ден астамы жыл он екі ай жұмыс істейді. Бұл қысы қатты өңір үшін үлкен жетістік, дейді, мамандар. Бұған әрине, туристердің көбеюі сеп болып отыр.

Бурабайдың орталығынан қазір бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдай алатын мұз қалашығы салынып жатыр. Оның кіреберіс қақпасына келер жыл тышқан жылы болғандықтан, оның мүсіні қойылады, дейді жоба авторлары. Ал ең басты ерекшелігі, биыл осындай ойын-сауық орындарына жарық көптеп қойылады.

Ершат Жолдас, суретші-мүсінші:

- Мұның барлығы қазір жай болғанмен, кешке жақын жайнап кетеді. Шырақтар болады. Сосын мына жағымызда сырғанақ бар. Ол жердің жан-жағын қоршадық, шырақтармен әсемдедік. Түнге қарай мына жер жарқырап жанып, кәдімгідей бір жаңа жылдық атмосфера кіріп, музыкалар жібереміз.

Жалпы Бурабайда сырғанақ, мұз қалашығы, мұз айдыны секілді ашық аспан астында орналасқан 15 нысан бар екен. Ал олардағы қызмет көрсету ақысы қандай? Қарапайым халыққа қолжетімді ме?

Ерлан Мүсіпов, облыстық туристік-ақпараттық орталығының жетекшісі:

- Бурабайда жалпы 300 теңгеден бастап 1 мың жарым, 2 мың, 3 мың, 5 мыңға дейін барады. Яғни тюбинг, коньки, шаңғы, квадроциклдер де бар. Соның ішіне бәрін де жатқызамыз. Жалпы қысқа дайынбыз. Бірақ өкінішке орай, қар аздау, желтоқсанымыз жылы.

Сырғанақтар көп болғанымен, ересектер үшін қаныңды қыздыратын, түрлі шытырмандарға толы экстремалды қызмет түрлері жоқтың қасы.

Ерлан Мүсіпов, облыстық туристік-ақпараттық орталығының жетекшісі:

– Бурабай ауданында экстрим-парк ашылайын деп жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 1 жарым шақырым. Осы экстрим-паркке қазір адамдар көп келіп жатыр. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай секілді бізге жақын қалалардан жиі келіп отырады.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Бурабайда қыста серуендеудің өзі бір керемет. Қарағайдың иісі, саф таза ауа, тұмса табиғат, барлығы рахат сыйлайды. Туристердің көбі де алыстан осы бір ғажайыпты көзбен көріп, жанымен сезіну үшін арнайы келеді.

Жалпы Бурабайға жыл сайын 1 млн-ға жуық турист табан тірейтін болса, солардың 30 проценттен астамы қыс мезгілінде келеді екен. Себебі қыстың да өз қызығы бар, дейді қонақтар. 

Нәзира Яхияева, турист /Түркістан/:

– Қысқы Бурабай бізге табиғатымен ерекше. Тамсанып, кеткіміз келмей қалды. Қысқы Бурабайды тілмен айтып жеткізу қиын екен. Жазда тағы келеміз.

Гүлнәр Тәкібаева, турист /Павлодар/:

– Қысқы Бурабай тазалығымен ұнайды. Түтін аз, таза ауа. Біз Павлодардан келіп тұрмыз.

Туристер қатарын көбейту үшін ауқымды іс-шаралар мен байрақты бәсекелерді Бурабай баурайында өткізу қолға алынған. Мәселен, соңғы жылдары Халықаралық «Қансонар» бүркітшілер сайысы тұрақты түрде осы өлкеде өткізіліп келеді. Одан бөлек, «Санта-фест», «Қысқы ертегі» секілді бұқаралық іс-шаралар да ұйымдастырылады.

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы