419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Денис Теннің өмірден өткеніне екі жыл толды

  • 411
  • UPD: 08:26, 19.07.2020
Денис Теннің өмірден өткеніне екі жыл толды informburo.kz

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өмірден өткеніне бүгін екі жыл.

Спортшы 2018 жылдың 19 шілдесі күні Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысында автокөлік ұрыларының қолынан жараланып, қайтыс болған еді.

Денис Тен сол күні аталмыш көшелердің қиылысындағы кафеден күндізгі сағат үштер шамасында шығады. Екі жігіттің көлігінің айнасын қолды еткелі жатқанын көрген спортшы сол жерде ұрыларға қарсы шығып, жарақат алады. Ал жедел жәрдемді қансырап жатқан 25 жастағы спортшыны көрген жаяу жүргіншілер шақырады.

Үш литр қан жоғалтқан спортшы ауруханаға 2018 жылдың 19 шілдесі күні сағат 15:23 шамасында жеткізілген. Дәрігерлер Денис Теннің жағдайын ауыр деп бағалап, аман алып қалу үшін барын салған.

Алайда мәнерлеп сырғанаушы сол күні кешкі сағат 17:30-да қайтыс болды. 21 шілде күні Қазақстан жұртшылығы Сочи олимпиадасының жүлдегері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды.

Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келіп, өзінің сүйікті қаласында мәнерлеп сырғанаумен шұғылдана бастады. Спорттың бұл түрінен бай тарихы мен сырғанайтын мұз айдыны болмаса да, кішкентай Денис өз арманына бас тартпады. Сауда орталықтарындағы алақандай мұз айдында жаттығып, кейін шетелдік мамандардың көзіне түсе бастады. Талантты Денисті Ресейдің танымал бапкерлері өз қамқорлығына алып, әйгілі Татьяна Тарасова, Елена Буяновалар жол көрсетті. Кейін әйгілі америкалық бапкер Фрэнк Кэрролдан тәлім алып, әлемдік жарыстарда жүлде салды.

Денис әлемдік деңгейдегі алғашқы жүлдесін 2013 жылы жеңіп алды. Сол жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Патрик Чанға ғана есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. 

2014 жылы Сочи Олимпиадасында Қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені салған да Денис еді. Төртжылдық додасында талантты спортшы үздік үштікке еніп, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде тарихта қалды. 

2015 жыл да Денис үшін жеміссіз болған жоқ. Қытайдың Шанхай қаласында өткен әлемдік додада ол қола жүлдеге қол созып, өзінің әлемдік деңгейдегі спортшы екенін тағы бір дәлелдеді. 

Кейін Дениске жарақаты жолбайлау болып, біраз додаларда жүлдегер қатарына іліге алмады. Десе де, 2017 жылғы Универсиада ойындарында топ жарып, 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасына жарақатына қарамастан қатысты.

Пхенчхан үш бірдей олимпиадалық циклде өнер көрсеткен Денистің соңғы Олимпиадасы еді... Талантты спортшы 2018 жылдың 19 шілдесі күні автокөлік ұрыларының қолынан көз жұмды.

Денистің қазасынан соң оған арналған түрлі іс-шаралар өткізіліп, Алматыда ескерткіш бой көтерді. Оның атындағы турнир Халықаралық коньки спорты түрлері федерациясының (ISU) күнтізбесіне енді.

Хабар 24 телеарнасы