389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұстаз мәртебесінің заң жүзінде қорғалуы қандай өзгерістерге сеп болады?

  • 1080
  • UPD: 17:14, 18.01.2019

Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы түзеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Педагог мәртебесі» жөніндегі заң жобасында көрсетілген басты қағидалардың бірі осы. Жалақының аздығы, ауыр жүктеме, күнделікті жаңашылдықтар мұғалімдердің ахуалына қалай әсер етеді?

«Қай заманда да ағартушылар мен мұғалімдер құрметке лайық еді. Жауапкершілік жүгі ауыр мамандықты таңдаған біз абыройлы болдық. Қазір қалай?» Бұл – ардагер ұстаз Елена Дмитриенконың пікірі. Зейнеткерді ұстаз бен оқушының қарым-қатынасы алаңдатады. «Балаға біліммен қоса дұрыс тәрбие беру де маңызды», – дейді ол.

Елена Дмитриенко, ардагер ұстаз:

– Баланы кім тәрбиелеп жатқанына мән беру керек. Бақытты ұстаз бақытты баланы тәрбиелейді. Мемлекетте білім деңгейін арттыруға, білікті маман даярлауға көңіл бөлініп жатқаны рас. Қазір тәлімгерлердің дәрежесін педагогпен теңестіруге ынта қойылуда. Бұл – өте құптарлық. Себебі бос уақыты тиімді ұйымдастырылған, әр күні белсенді өтетін балақайларға суицид сияқты жаман ойлар келмесі хақ.

Рас қазір уақыт басқа. Заманауи оқушы оқытушының да заманға лайық болғанын қалайды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Алайда бүгінгі мұғалім қағазбастылықтан арылмаған. Жаңа реформалар, жаңартылған білім беру жүйесі, үштілділік. Осы жаңашылдықтар көшіне ілесем деп жүріп, бала тәрбиелеуге көңіл бөлуден қалған жоқ па? Қалай десек те, ұстаздар мәртебесі осындай. 

Енді елімізде «Педагог мәртебесі» заң жүзінде қорғалмақ. Жобада ұстаздардың әлеуметтік жағдайы реттеу басты назарға алынған. 30 жылдық тәжірибесі бар мұғалімдерді 48 жастан зейнеткерлікке шығару ұсынысы айтылды. Және ұстаздарға алғашқы жарнасыз ипотекалық баспана алу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Айгүл Мұқашева, салалық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары:

– Пелагогтар қызметтік жатақханамен қамтамасыз етілу керек, әсіресе келген жас мамандар. Және қызметтік үйі бар педагогтар оқыс жағдайлар болып қалса, оның отбасы осы қызметтік үйді алып қалуға құқылы болады.

Игілігі көп құжат әзірленуде. Жақсылықтан күдер үзбейтін Жазигүл Бодаева жаңалықты қуана қабылдады. Ол 40 жыл бойы шәкірттеріне математиканы үйретіп келеді.

Жазигүл Бодаева, математика пәнінің мұғалімі:

– Мұғалім мәртебесін көтеру үшін олардың зейнеткерлік жасына шығуын қолдаймын. Зейнеткерлік жасқа шыққан жағдайда да зейнетақысын дұрыс тағайындау қажет. Мұғалімнің кәсібилігі мен әлеуметтік жағдайы тең болса, қоғамдағы мәртебесін табады деп ойлаймын.

Бір дерек келтірейік, өткен жылы кәсіподақ тарапынан ұстаздарға негізсіз ұсталған 175 млн теңге қайтарылыпты. Ал жаңа заң жобасы мәртебелі мамандық иелерін жан-жақты қолдауға, қорғауға бағытталған. Қытай, Финляндия, Өзбекстан сынды елдердің тәжірибесі назарға алынған құжатты дайындауда ұстаздардың да пікірі елеусіз қалмас. Заң жобасы ақпан айында депутаттар талқысына түседі. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Заитхан, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы