431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шалғай ауылдардағы балалар мектеп қабырғасында оқуын жалғастырады

  • 418
  • UPD: 22:00, 14.07.2020

1 қыркүйекте оқушылар мектепке бармайды.

Коронавирус індетінің таралуына байланысты олар үйде отырып білім алады. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, хабарлайды «Хабар 24».

Былтырғы оқу жылында болған қиыншылықтардың алдын алу үшін ұстаздардың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, білім ордаларын интернетпен қамтамасыз етуге басымдық берілмек. Колледждер мен жоғары оқу орындары да қашықтан оқытуды жалғастырады.

Дариға Ташенова, тілші:

Наурыз айында Нұрислам атты баланың мына бейнеролигі бүкіл әлеуметтік желілерде тарап кетті. Үйде оқудан әбден шаршаған бала көзіне жас алып, мектепті сағынғанын айтты. Алайда алдағы оқу жылында да Нұрислам мұғалімімен көзбе-көз кездеспейтін көрінеді. Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірінші тоқсан онлайн форматта өтетінін хабарлады. Оқыту негізінен Zoom, Google Meet, Kundelik.kz сынды интернет алаңдары арқылы жүргізілді. Алайда, көптеген өңірде ғаламтор желісінің нашар болғандығынан оқу процесінде бірқатар ақау болды. Мұғалімдер тарапынан түскен шағымдар да жеткілікті.

Әлия Мақышева, қала әкімдігі білім беруді жаңғырту орталығының директоры:

- Негізгі қиындық ол интернет желісінің жылдамдығы. Сол проблема болды. Мұғалім сабақ жүргізіп отырады. Сол кезде желі дұрыс жасамай, сондай бір тығырыққа келді мұғалімдер. Оқушылар да түсіністікпен қарайтын да, қарамайтын да оқушылар болды. Zoom 40 минут қана істейді, сосын істемей қалады. Сол себепті біз басқа платформаларды қарадық, адам санын шектемейтін.

Жаңа оқу жылында мұндай олқылықтарды болдырмау мақсатында министрлік бірқатар шараны қолға алып отыр. Әсіресе, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше басымдық берілмек. Мұғалімдердің талабына сай бұған дейін қолданылған барлық интернет алаңдар жаңартылды. Стримингке шығу мүмкіндігі бар платформалар ерекше назарда. Балаларды қашықтан оқыту үшін ведомство 5028 білім беру цифрлық ресурсын дайындап, желіге орналастырды. Ал ұстаздар өзінің ақпараттық қоры мен бейнематериалдарын жаңадан іске қосылған елордалық электронды мектеп сайтында сақтай алады. 350 мың мұғалім цифрлық сауаттылығын арттыру үшін арнайы курстардан өтеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мектептерде көптеген компьютердің істен шыққаны белгілі. Сол себепті келер оқу жылында 36 мыңнан астам компьютер сатып алынды. Кейін әкімдіктер қажет болған жағдайда тағы техника алады. Сонымен қатар интернет желісін жақсарту үшін IT компаниялармен бірлесіп, түрлі платформаларды жаңарттық. Бірінші және екінші тоқсанда оқытылатын пәндер бойынша материалдар әзірленді. Салалық министрлікпен бірлесіп телесабақтар түсіріліп жатыр.

Ал балабақшаны бітіріп, әлі әріп танымаған балаларға қашықтан оқу қиынға түсетіні анық. Сондықтан ата-аналардың өтініші бойынша мектептерде кезекші топтар ашылуы мүмкін. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Егер ата-аналардың өтініштері болса, бастауыш сыныптар бойынша осындай уақытша сыныптарды дайындап ашуға дайынбыз. Тиісті жағдай жасаймыз. Бала сабаққа келгенде дене қызуын өлшеп, бірнеше ауысымға бөлеміз. 10-15 бала ғана болады.

Шалғай ауылдардағы балалар да мектеп қабырғасында оқуын жалғастырады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қашықтан оқытуды енгіземіз деп айтқанның өзінде ауылдарда, әсіресе, шалғайдағы шағын жинақты мектептер бар. Оларда 5 бала бар, 10 бала бар. Олар жаяу өз мектептеріне барып жүреді. Осындай шалғайдағы халық аз өңірлерде орналасқан мектептерде оқытуды штатты режимде жалғастыруға мүмкіндік беріп отырмыз.

Колледждер мен жоғары оқу орындары да қашықтан білім алатыны белгілі болды. Университеттер барлық қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға міндетті. Оқу бағасын төмендету мәселесі де білім орда басшылығының шешіміне сәйкес өзгеруі мүмкін. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Ділмұрад Сейдаханов

Хабар 24 телеарнасы