379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропадағы құрылыс нарығы қымбат қалалар қайсы?

  • 161
  • UPD: 10:40, 15.04.2019

Сан-Франциско әлемдегі құрылыс үшін ең қымбат қала болып саналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы бір шаршы метрдің құны 4 мың еуро төңірегінде. Бұрын бұл мәртебе Нью-Йоркқа тиесілі болған.

Еуропада биыл құрылыс бағасының өсу қарқыны жалғасады. Саланы зерттеушілер осындай пікірге саяды.

Еуропадағы құрылыс бағасы ең қымбат жер – Лондон. Британдықтарда бір шаршы метрдің құны – орта есеппен 3365 еуро. Екінші орында – Цюрих. Өңірдегі бір шаршы метрдің бағасы – 3334 еуро. Бұл – ІCM халықаралық құрылыс нарығын зерттеуші компанияның ақпараты. Оған сай құрылысқа көп қаржы кететін қалалар тізімінде үшінші орында – Дублин. Ирландия астанасындағы бір шаршы метр құны – 2900 еуро. Болжам бойынша Дублиннің құрылыс нарығындағы баға биыл тағы 7% өседі. Мамандар мұны коммерциялық және тұрғын-үй жобаларының артуымен байланыстырады. Сондай-ақ Brexit салдарынан Лондоннан Дублинге көшуге бел буған ірі компаниялардың шешімі де қаладағы құрылыс қарқынына оң әсер етуде. Салаға құйылатын инвестиция көлемі де ұлғаяды деп күтілуде. Осы ретте Қазақстанның ірі қалаларындағы құрылыс индексіне шолу жасадық. Алматыда тұрғын-үй құрылысының бір шаршы метрі – орта есеппен 992 $, елордада – 852 $, Шымкентте – 600 $. Мұнда құрылыс материалдарының түрі мен бөлмелер саны ескерілмеген.

Биыл 30 млрд теңгеге аграрлық несие берілді

«Аргралық несие корпорациясы» ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 60 млрд теңге бюджеттік несие бөлді. Бұл туралы «ҚазАгро» холдингі» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлайды. Қаржыландыру несие серіктестіктері, екінші деңгейлі банктер және тікелей несиелеу арқылы жүзеге асырылады. Еліміз бойынша биыл 1800-ге жуық шаруа өз кәсібін қаржыландыруға өтініш берген. Корпорация жалпы сомасы 30 млрд теңгеге мыңнан астам өтінімді қаржыландырған. Нәтижесінде 1266 мың гектар жер өңделеді. Тағы 2,5 млрд теңгенің 54 өтінімі қарастырылуда. 2019 жылғы егіс науқанына «ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы арқылы 15,3 млрд теңгеге қаржылық лизинг жасалған. Оның басым бөлігі – көктемгі егіс жұмыстарына байланысты келісім-шарттар. 

Қазақстан Иранда екі логистикалық орталық салады

Қазақстан Парсы шығанағы елдеріне жіберілетін өнімдердің көлемін арттырады. Ол үшін еліміз Иран порттарында бірден екі логистикалық орталық салуды көздеп отыр. Иран құрылысқа қажетті жер телімдерін бөледі. Сарапшылардың пікірінше, логистикалық жоба Иран арқылы отандық өнім экспортын арттыруға ықпал етеді. Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 500 млн дорлларды құраған.

Азия елдерінің экономикалық әлеуеті жоғары

Хайнаньда өткен Боаос Азиялық форумында Азиядағы экономикасы бәсекеге қабілетті елдер тізімі жарияланды. Бірінші орында – Оңтүстік Корея Республикасы. Бұл – жан басына шаққандағы табыс көлемі жоғары экономикалық дамыған мемлекет. Қазіргі уақытта ел экономикасы ең алдымен электроника, тоқыма, жеңіл көлік сынды халық көп тұтынатын тауар өндірісіне негізделеді. Сондай-ақ ауыр өнеркәсіп секторында кеме құрастыру және болат өндірісімен айналысады. Оңтүстік Корея экономикасының ірі инвесторлары АҚШ, Жапония және Ұлыбритания. Екінші орында Тайвань. Аралдағы мемлекетте инвестицияларға және сыртқы саудаға үкіметтік бақылау деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Серпінді экономикасы бар Тайвань елінде қазір мемлекет меншігіндегі кейбір ірі банктер мен кәсіпорындарды жекешелендіру жүріп жатыр. Тайвань, Қытай, Таиланд, Индонезия, Вьетнам елдерімен тығыз инвестициялық қатынас орнатқан. Үшінші орында – әлемдегі жалпы ішкі өнім деңгейі ең жоғары мемлекет Сингапур. Экономикасы дамыған елдер қатарына жылдам қосылған Сингапур «Шығыс Азия Жолбарыстары» қатарына кіреді. Елде электроника, кеме құрастыру, қаржылық қызмет көрсету секторы жақсы дамыған. Сингапур экономикасы тұрмыстық электроника, ақпараттық технологиялар және дәрі-дәрмек салаларындағы өнім экспортына тәуелді. Бұл бағытта трансұлттық корпорациялар да маңызды рөл атқарады. Ол – экономикасы сыбайлас жемқорлықтан қорғалған елдердің бірі.  Сингапур негізінен фармацевтика және медициналық өндіріске инвестиция тартады.

Валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 379 теңге 59 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380-381 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы