443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мал экспортына тыйым салу мерзімі ұзара ма?

  • 369
  • UPD: 10:59, 03.02.2020

Қазақстан фермерлер одағының мүшелері малдың экспортына тыйым салу мерзімін 6 ай емес, 5 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың төрағалығымен өткен жиында айтылған болатын.

Мал экспортына тыйым салу мерзімі ұзара ма?

Сонымен, фермерлер тірі малдың экспортына тыйым салу мерзімін жарты жыл емес, 5 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Шаруалар «Мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасында олқылықтар жіберілгенін алға тартты. Олардың пікірінше, мал басын көбейту үшін ангус тұқымының импортына баса назар аударылғаны қателік. Себебі бельгиялық сиырлардың көрсеткіштері әлдеқайда жоғары: бұқа мен сиырдың тірі салмағы айтарлықтай көп, сойылған кезде 80%-ға жуық, ал ангус 65%-ға жуық ет береді. Сонымен қатар ангусқа қарағанда сүтті екен. Сондай-ақ фермерлер ведомство министрі Сапархан Омаровқа отандық ауыл шаруашылықтағы өзекті мәселелер туралы ашық айтты. Оның ішінде гербицидтерге субсидия алу мен сүтті және етті мал шаруашылығындағы қазіргі жағдай кеңінен талқыланды.

Жамбыл облысында алтын өндіретін зауыт салынады

Жамбыл облысында Aurum Deutschland компаниясы алтын өндіретін зауыт салады. Аталған компания өкілдерімен облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы кездесіп, қос тарап жобаның мән-жайын талқылады. Неміс инвесторлары өңірімізде алтын өндіретін зауыт салуға ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компаниямен келіссөздер біраз уақыттан бері жүргізілуде. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 329 миллион еуроны құрайды. Ал іске асыру уақыты – 9 жыл. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов уақытты созбай, сөзден іске көшуді ұсынды. Компания кедергісіз жұмыс істеуі үшін жергілікті билік тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Ауқымды жоба Қордай ауданында жүзеге асырылмақ.

Маңғыстау облысының кәсіпкерлері 1%-пен несие алды

Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарламаларға сұраныс артып жатыр, деп хабарлады ҚазАқпарат. Бүгінде сондай бағдарламалардың бірінің аясында 121 жоба үшін 2 млрд 400 млн теңгеге несие алынып, мыңның үстінде жаңа жұмыс орны пайда болды. Бағдарлама ерекшелігі, кәсіпкерлерге 1% үстемақымен несие алып, бизнес бастауына мүмкіндік береді. Соның ішінде көш бастап тұрған Жаңаөзен қаласында 38 жоба, Мұнайлы ауданында 44 жоба, Бейнеуде 12, Түпқарағанда 11 жоба, Маңғыстау ауданында 9, Қарақияда 7 жоба жүзеге асырылды. Берілетін қаражат инвестицияларға несие сомасының 30 процентінен асырмауды мақсат етіп, инвестициялық несие аясында айналым капиталын толықтыруға бөлінеді. Несие мерзімі: инвестициялар үшін – 7 жылға дейін, ал айналым қаражаттарын толықтыру үшін – 3 жылға дейін. Несие алушы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 85% дейін мемлекеттік кепілдік ала алады және оған несие тұрақты жаңа жұмыс орындарын құрайтын жағдайда ғана беріледі. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету бағыттарына басымдық беріледі. Жобалар Өңірлік үйлестіру кеңесінің рұқсатынан өтеді.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы – 379 теңге 05 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы