421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі артып келеді

  • 902
  • UPD: 16:24, 24.12.2019
Отандық жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі артып келеді

Жеңіл өнеркәсіп бағыты жалпы ұлттық өнім өндірісінде маңызды орындардың бірін алады. Бұл сала ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді, деп хабарлады miid.gov.kz.

Жеңіл өнеркәсіп үш негізгі топты біріктіреді: тоқыма өнеркәсібі 53%, киім-кешек өндірісі 37%, сондай-ақ былғары және оған қатысты өнімдер 10% құрайды. Биылғы 11 айда саладағы өндіріс көрсеткіші 99,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,6% артты.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 1057 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 96%-ы шағын кәсіпорындар. Өндіріс ошақтарында шамамен 13 мың адам еңбек етеді. Басым бөлігі  әйелдер. 2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жеңіл өнеркәсіпте жалпы сомасы 19,6 млрд теңгені құрайтын 20-дан астам маңызды жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы кезеңде өнім шығару көлемі 57% өсті, негізгі капиталға құйылған инвестициялар 41% өсті. Әсіресе, кілемдер, шұлықтар және сыртқы трикотаж киімдері өндірісінде ең жоғары өсім байқалды.

Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын жеңіл өнеркәсіп секторында жаңа кәсіпорындар пайда болуда. 2019 жылғы ірі жобалардың бірі «Бал текстиль» ЖШС-нің кілем және кілем бұйымдарын шығаратын үшінші цехты іске қосуы болды. Жоба жұмсалған инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрады. 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өнімі Қазақстанның ірі қалаларында және облыстарында сатылады. Сондай-ақ жалпы өндірістің 30% жақын және алыс шет елдерге, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия және Францияға экспортталады.

2019 жылғы желтоқсан айында Шымкент қаласында жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорында мақта талшығын өңдеу көлемі жылына 6 мың тоннаны құрайды. Фабриканы іске қосу қаладағы тоқыма кластерін қалпына келтіру жөніндегі Жол картасының бірінші кезеңі. Жоба ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы бірлескен тоқыма кластерін құру туралы келісім шеңберінде іске асырылды. Кәсіпорында бірінші кезеңде 120 жаңа жұмыс орны ашылған. Өзбекстаннан тартылған инвестиция көлемі 4,6 млрд теңгені құрады.

Айта кету керек, биыл ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі экономиканың үш секторын ерекше қолдау мақсатында жол картасын әзірледі. 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасы кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу, қазақстандық қамту үлесін арттыру, экономикалық ынталандыру шаралары, сондай-ақ жүйелі қолдау бойынша 52 іс-шараны көздейді.

Хабар 24 телеарнасы