432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қашықтан жұмыс істеу жұртты үнемшіл болуға үйретті

  • 93
  • UPD: 20:54, 14.10.2020

Нұр-Сұлтанда карантин қайта қатаңдатылды. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің 60 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшеді.  

Осы орайда әлемдік басылымдар пандемиядан кейін корпоративтік сектор жұмысы бұрынғыдай болмайтынын жарыса жазып жатыр. Күн ұзаққа офисте байланып отырудың дәурені өтті. Өйткені қашықтан жұмыс істеудің тиімділігін көпшілік түсінді, дейді сарапшылар.

Біздің кәсіпкерлер бұған не дейді? 

Жұрт үйде отырып жұмыс істеуге үйренді. Жұмыс берушілердің де амалы құрыды. Даңғарадай кабинеттер, зәулім ғимараттар босап қалды. Шығын да шаш-етектен. Өйткені көп мекеме жұмысын тоқтатты.

Ерғазы Мұсатаев, тәуелсіз сарапшы:

– Көптеген ірі компания «үнемдеу» режимін іске қосты. Олар бизнес орталықтары ұсынған клининг қызметі мен өзге де сервистік қызметтерден бас тартты. Ал шағын және орта бизнес үлкен офистарды жалға алуды қойды. Салдарын жалға берушілер тартып отыр. Тек елорданың өзінде жылжымайтын мүлікті жалға берушілер жарты жылда шамамен 22 млрд теңге жоғалтты. 700 мың шаршы метр бос тұр. Пандемия бәрімізге сабақ болды. Кәсіпкерлер бұрынғыдай қос-қостан кабинет, іс-шара өткізетін бірнеше зал ұстаудың жосықсыз екенін түсінді.

Жұлдыз Каналхан елордадағы екі бірдей тіл оқыту орталығының иесі. Жас та болса 20-дан астам адамды еңбекпен қамтып отыр. Бірақ елде төтенше жағдай жарияланып, кәсібі 4 ай бойы тұралап қалды.

Дегенмен, әр қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп білетін кәсіпкер бизнеске басқа қырынан қарауды үйренді.

Жұлдыз Каналхан, жеке кәсіпкер:

– Қазір онлайн платформа жобасын қолға алсақ деп ойлап жатырмыз. Көптеген студенттер пандемия кезінде онлайн оқуды үйренді. Онлайн оқыған өте ыңғайлы. Мысалы, жұмыстан кеш шығатын болса, жолға көп уақыт кетірмейді. Және де бізге басқа мамандар, басқа елде болса да мысалы, түрік тілінің мұғалімі Түркияда отырып сабақ бере алады. Болашақта қызметкерлердің 80 процентін оффлайн қалдырып, 20 процентін онлайнға ауыстыру ойда бар. 

Карантин кезінде Жұлдыз Каналхан тәрізді жұмыс күшін алыстан іздейтіндер көбейген. Мәселен, ақпарат көздеріне сүйенсек, елімізде қашықтан істеуге болатын жұмыс саны сәуір–шілде айларында 4 жарым есе өскен. Сұраныс әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында елеулі екені байқалады. Мұндай жұмыс түріне төленетін жалақы көлемі орташа есеппен 140-150 мың теңге. Алматыдағы іргелі университеттердің бірінде дәріс оқитын Санат Сейдеханов қысылтаяңда осы жолмен табысын еселеген.

Санат Сейдеханов, фрилансер:

– Фрилансер болып  2014 жылдан пайда тауып келемін. Бастысы, интернет сапалы болса, ешқандай мәселе туындамайды. Корпоравтивтік сектор біртіндеп онлайн ортаға ауысып жатыр. Оның тиімділігін екі жақ, жұмыс беруші де, жұмысшы да түсінді. Көптеген компания пандемия аяқталған соң да қашықтан жұмыс істеуді жалғастыра бермек. Ал бұл ретте фрилансерлер әуелден солай жұмыс істейтінін айта кеткім келеді.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша пандемия кезінде  Қазақстанның еңбек нарығында фрилансердің үлесі 6 процентке жетті. 

Найла Мұхтарова, ҚР ЕХӘҚМ жұмыспен қамту департаментінің басшысы:

– Бұл жерде айта кететінміз, карантин салдарынан ақпараттық технологиялық коммуникациялар жақсы дами бастады. Және соның салдарынан Қазақстанда икемді жұмыс формалары дами бастады деп айтуға болады. 2020 жылдың 2 тоқсанында Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 проценттен 5 процентке дейін көтерілді. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі көтерілді деп емес, жұмыс уақытының қысқартылуымен тікелей байланысты деп айтуымызға болады. Әлемде тәжірибе бойынша жас шектеулігі мүлдем болмайды. Мысалы, үйде отырған үлкен, тәжірибесі мол адамдар интеллектуалды жұмыстарды да атқарып, табыс табуға мүмкіндігі бар. 

Еңбек ресурсын дамыту орталығы егер елде коронавирустың екінші толқыны бола қалса, 2 млн адам жұмысын үйде отырып атқара алатынын есептеп қойған. Бірақ жағдай тұрақталса олардың қаншасы бұрынғы үйреншікті жұмыс орнына оралады? Мәселе сонда. Әлемде «Гугл», «Твиттер» сынды белді компаниялар пандемиядан кейін де қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істегенін қалайды. Бұл үдерістен біздің ел де қалыс қалмайды дейді сарапшылар. Өйткені пандемия кәсіпкерлерді барынша үнемшіл болуға үйретті.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы