420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision байқауының өнерпаздары ақтық сынға қамданып жатыр

  • 60
  • UPD: 20:58, 14.09.2020

Junior Eurovision-нің Ұлттық іріктеу кезеңіне өткен 12 үміткердің екеуі ғана ер бала, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның бірі – Ислам Сайполда. Жасы 11-де. Ислам – елордадағы №29 орта мектеп оқушысы. Осыдан 4 жыл бұрын белгілі әнші әрі актриса Айгүл Иманбаеваның өнер мектебіне жазылып, дарыны мен біліктілігін шыңдап келеді. Дауысы – лирикалық тенор.

Ислам Сайполда, Junior Eurovision 2020 байқауының ақтық сынына қатысушы:

– Кішкентай кезінде анам өлең қосқан кезде ыңылдап жататынмын. Содан соң анам Айгүл Иманбаеваның шеберханасына алып келді. Мен көбіне ағылшын әндерін айтамын. Мен өтетініме 100% сенемін, өйткені менің апайларым сайыстарға өте жақсы дайындайды.

«Ислам вокалмен қатар хореографияға және актерлік шеберлік сабақтарына да ерекше мән береді. Өйткені нағыз артис жан-жақты болуы керек», – дейді ұстазы.

Айгүл Иманбаева, Ислам Сайполданың ұстазы:

– Балаларға әлемнің түкпір-түкпіріндегі үлкен-үлкен шоқжұлдыздардың қай-қайсысымен де дуэт болып ән айтуға мүмкіндік бар деп айтып отырамын. Оның бір дәлелі – Димаш. Оны Данэлия мен Ержан да дәлелдеді.

Келесі үміткеріміз – Камила Ғазизқызы. 3 жасынан ән айта бастаған. Фортепиано, гитара, скрипкада ойнайды. Таяуда бұл қатарға саксофонды да қосты. Анасы Арманның айтуынша, бойындағы таланты нағашы әжесінен дарыған. Бала кезде талай байқауға қатысып, жоғары орындардан көрінді.

Камила Ғазизқызы, Junior Eurovision 2020 Байқауының ақтық сынына қатысушы:

– 31 тамызда алдыңғы іріктеу нәтижесін отбасыммен бірге күттік. Теледидарда менің есімімді атаған кезде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Ел намысын абыроймен қорғап, жүктелген үмітті ақтауға тырысамын. Жеңімпаз атануға дайынмын.

Ал ұстазы Зәмзәгүл Бегалинаның вокалдан сабақ беріп жүргеніне 5 жылдан асты. Шәкіртінің жеңімпаз атануына толық мүмкіндігі барын айтты.

Зәмзәгүл Бегалина, Камиланың ұстазы:

– Менің ойымша, Камила осы іріктеу кезеңінде өзінің мүмкіндігін көрсетті. Ендігі сайыста сәттілік серік болады деп ойлаймын. Жоғарғы ноталарды өте таза әрі жеңіл алады.

Осылайша қос үміткер де тек жеңістен үмітті. Бұған ұстаздары да сенімді. Ендеше қатысушыларға сәттілік тілейміз.

Авторлапы: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы