383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай мемлекеттік қызметшілерге жұмсалатын бюджет шығындарын қатаң бақылауға алады

  • 664
  • UPD: 08:49, 06.03.2019

Қытай 2019 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімін 6-6,5%-ке жеткізбекші. Үкімет былтыр 2,1% болған инфляция деңгейі 3% құрайды деген болжам жасады. Сонымен бірге 11 миллион жаңа жұмыс орынын ашуды жоспарлайды. Парламенттің жыл сайынғы сессиясында баядама жасаған Қытай премьері осылай деп мәлімдеді.

«Биыл әлемдегі екінші экономика қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін. Сондықтан күреске дайын болуымыз керек» дейді Ли Кэцян. 

Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиынында Ли Кэцян  елдің ішкі және сыртқы жағдайына толық талдау жасады. Премьердің айтуынша, мемлекет өз мақсатын жүзеге асыру үшін қиын да күрделі жағдайларды еңсере білуі тиіс. «Биыл тәуекел мен сын-тегеурін көп. Сондықтан күреске дайын болуымыз керек. Ел экономикасына қауіп төнсе қаперсіз отыруға болмайды» деді үкімет басшысы. Оның сөзінше Қытай экономикасы тұрақты және оны сақтап қалады. Елдің 2019 жылғы бюджеті үнемге негізделеді. Үкімет мемлекеттік қызметшінің  шығынын азайту арқылы бизнеске түсетін ауыртпалықты азайтпақшы.

Нұрбек Бекен,  тілші:

- Міне мынау Қытай үкіметінің осы жылға арналған даму жоспары.  Мұнда бизнеске түсетін салмақты азайту үшін барлық деңгейдегі үкіметтік мекемелер үнемге көшуі тиіс деп жазылған. Билік кіріс көзін арттырып, негізгі шығындарды азайтуға міндетті. Әсіресе шетелдік ресми сапарларға, мемлекеттік қызметшілердің көліктеріне жұмсалатын бюджеттік шығындар қатаң бақыланады. Баяндамада тиімсіз, көп жылдан бері орынсыз жұмсалып келе жатқан қаражаттарды қайта қарастыру немесе қайтару қажет делінген.

Биыл бюджеттік шығындар үкіметтен бастап, аймақтық деңгейге дейін қатаң бақылауға алынады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес те  жалғасын табады. Биліктің мақсаты – адал әрі таза үкімет құру.

Ли Кэцян, Қытай премьері:

- Аудиторлық және ревизиялық тексерістерді күшейту қажет. Мемлекеттік қызметкерлер заңға сай қадағалаушы органдар мен халық алдында өзін үнемі бақылауда ұстауы керек. Партияның негізгі миссиясын орындау үшін нақты қадамдар жасайтын боламыз.

Ли Кэцян таза үкімет құру үшін биліктің барлық тармағы жұмылып жұмыс істейу керегін айтты. Сонда бірде-бір мемлекеттік қызметшінің пара алуға дәті бармайтын болады. 

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы