384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда тұрғын үйлердің сапасына бақылау күшейді

  • 112
  • UPD: 14:21, 01.07.2019

Грузияда құрылыс саласына қатысты жаңа заң жобасы бірнеше ай бойы қызу талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мамандар әсіресе қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берді. Кәсіподақтың мәліметіне сай, өткен жылы құрылыс алаңдарында 39 адам қаза тауып, отыз жетісі ауыр жарақат алған. Сондай-ақ жаңа үйлерде өрт пен апаттар жиілеп кетті. Осыған байланысты Тбилиси мэриясы саладағы бақылауды күшейтті.

Соңғы жылдары Грузия астанасында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Алайда кейбір жаңа салынған үйлердің сапасы төмен. Ретсіз үйлер салу, өрт қауіпсіздігіне қатысты ережелердің сақталмауы және жаңа үйлерде болған газ жарылыстары билік пен тұрғындардың наразылығын тудырған. Құрылыс саласына қатысты жаңа заң жобасы парламенттің қарауына жіберілді.

Каха Каладзе, Тбилиси мэрі:

– Біз заңсыз құрылысқа қарсы көп шара қабылдадық. Ереже бұзғандарға айыппұл мөлшерін 10 есе арттырдық. Бірақ бұл мәселені шешкен жоқ, өйткені мол пайда тауып жүрген құрылыс компанияларға бұл әсер етпейтіні анық. Осыған байланысты қатаң шара қабылдауымыз керек. Құрылыстағы кейбір ережелерді бұзғандарды әкімшілік жазаға емес, қылмыстық жазаға тарту керек. Бұл барлық мәселені шешетініне сенімдімін.

Атап айтқанда, рұқсатсыз құрылыс жүргізу, белгіленген биіктікті сақтамау және құрылысты доғару жөнінде нұсқауды орындамағаны үшін жазаны күшейту қарастырылған. Жалпы, Грузияда ғимараттар салу 5 дәрежеге бөлінген. Дәреже артқан сайын бақылау деңгейі де артады. Алғашқы төрт дәрежені жергілікті әкімшіліктер, ал бесіншісін экономика министрлігі қадағалайды.

Уча Закашвили, заң ғылымдарының докторы, құрылыс құқығының сарапшысы:

– Жеке меншік үйлер жөнінде заң сондай  қатал емес. Мәселен, ауданы 60 шаршы метрден аспайтын үйлер үшін жоба да қажет емес, тек құрылыс басталғаны туралы әкімшілікке хабарлау қажет. Ал көпқабатты үйлер мұқият қадағаланады. Өрт қауіпсіздігі, архитектура, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайы тексеріледі. Бұл бақылау жүйелі түрде өтеді. Тбилисиде мұнымен арнайы құрал-жабдығы бар бірнеше жүз адам айналысады. Ереже бұзушылық анықталса, оны түзету ұсынылады. Ал болмаған жағдайда бұзып, қайта салу үкімі шығарылмақ.

Жаңа ережелер бойынша құрылыс материалдарының сапасы да бақылауға алынатын болады. Осыған дейін барлық компаниялар материалдарды өздері таңдайтын. Енді жағдай күрт өзгеруі тиіс. Тбилиси әкімшілігі қаланың дұрыс дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін ыңғайлы орта құруға ниетті.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы