435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қолайсыз ауа райынан әлемдегі бірқатар ел әбігерге түсті

  • 533
  • UPD: 21:44, 05.11.2019

Италияның солтүстік-батысында жаппай эвакуация басталды. Себебі өңірде аяқастынан су тасыды. Өзен-көлдер арнасынан тасып, Лигурия өңірін лай араласқан су басып қалған. Мектептер жабық тұр. Синоптиктердің болжауынша, дауыл мен жауынның әзір тоқтай қояр түрі көрінбейді. Төтенше жағдай қызметкерлері құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.  

Ал мына видеода құтқарушылар қарияны балконнан түсіріп жатыр. Себебі үйге лай араласқан су жайылып, пәтердің есігін ашылмай қалған. Зардап шеккен тұрғындарға алғашқы көмек көрсетілуде.

Шығыс африкалық мемлекет Сомали де су тасқынынан зардап шегіп отыр. БҰҰ өңірге әлеуметтік көмек жеткізді. Себебі толассыз жауған жауыннан, орталықты су басып, 270 мың тұрғын қауіпсіз аумаққа эвакуацияланған. Құтқару жұмыстары кезінде қайық аударылып 10 адамның қазасы тіркелді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта адам шығыны артуы мүмкін деп отыр. 

Мухамед Абдуллахи Фармахо, Сомали президенті:

- Су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасылар мен оның жақындарына көңіл айтамыз. Былтыр табиғат апаты өңірге айтарлықтай зиян әкелген еді. Бірақ, биылғысы одан асып түсу мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін сақтап, тұрғындарды абай болуға шақырамыз. 

Ал АҚШ-тың Калифорния штатында орман өрті дес бермей тұр. Тілсіз жау 4 мың гектар аумақты күлге айналдырған. 11 мың тұрғын жаппай эвакуацияланды. Орман алқабын аман алып қала алмаған штат губернаторын Дональд Трамп қатаң сынға алды. Ал ғалымдардың айтуынша, қызыл жалынның күшейуіне климаттың өзгеруі себеп.

Арадна Трипати, ғалым:

- Өрттің өрши түсуі климаттың өзгеруіне тікелей байланысты. Оған бірнеше себеп бар. Қазба отынның қалдықтары ауа райының жылынуына әкеледі. Яғни егістік болсын, орманды алқап болсын құрғақшылықтан зардап шегеді. Оған қоса электр қалдықтары бар. Мәселен, ескірген электр сымы үзіліп, кеуіп тұрған егістікке түседі. Сөйтіп өрт шығады. 

Мамандардар өрттің шығу себептерін болжап жатқанда, Үндістанның Дели қаласын тұман аралас көк түтін басты. Ауаның ластануы бұл өңірде тұрақты нормадан 10 есеге асып кеткен. Оған себеп қалада автокөліктің көп болуы. Сондай-ақ соңғы кездері Делимен көршілес аудандағы фермерлер егістік жинап болған соң алқапты тазалау үшін оны өртейді. Сол түтінді жел айдап Делиге әкелген. Билік өкілдері тұрғындарды көшеге шықпауға шақырды. Мектептерде сабақ тоқтатылды. Миллиондаған адам демікпе дертіне шалдығуы мүмкін деген қауіп те бар. 

БЛИЦ:

- Далаға шықсаң ауаның ластығы соншалық көзің жасаурайды. Бұл қашанға дейін жалғаса бермек.

- Билік өкілдері автокөлік қолданысына жаппай тыйым салуы керек. Бұл сұмдық қой. Түтіннен ештеңе көрінбейді. 

Ал Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс өңіріндегі жұртшылық толассыз жауған жауынға керісінше қуанып отыр. Себебі өңірде құрғақшылық жайлаған еді. Екі күнге жалғасқан жаңбыр 2012 жылдан бері ең көп түскен ылғалы болып отыр. Фермерлердің қуанғаны соншалық жауын суынан жиналған көлшікке киімшең түсіп, мәз-мейрам.

Брайан Хант, фермер:

- Бұл өңірде ірі 14 су қоймасы бар. Дегенмен, құрғақшылықтан 11-і кеуіп қалған. Егістік алқаптары тіптен су жетпейді. Өңірде 1965-1966 жылдары қатты құрғақшылық болған екен. Сол заманға қайта оралғандаймыз. Жауын жауып бір қуанып қалдық бәріміз.

Хабар 24 телеарнасы