420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде жалпыұлттық карантин жарияланды

  • 54
  • UPD: 11:51, 15.09.2020

Шектеу шаралары еврейлердің Жаңа жыл мерекесі алдында енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал билік болса, коронавирусқа тойтарыс берудің басқа амалы қалмаған соң осындай қадамға барғанын айтады.

Израиль билігі бүгінде шарасыз күйде. Қазір мұнда шамамен тәулік сайын 4 мыңдай адам вирус жұқтырады. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Амалы құрыған билік карантин талаптарын қайта қатаңдатуды шешті. Локдаун наурыз-сәуір айларындағыдай 3 апта жалғасады.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Мұндай шешімге келу әрине, оңай емес, бірақ басқа амал қалмады. Экономиканың көптеген секторы, оның ішінде бизнеске қиын соғарын білеміз. Алдағы мерекелерді тойлауды да тыя тұруымыз қажет. 

Карантин 18 қыркүйекте еврейлердің Жаңа жылы – Рош а Шанада басталады. Әдетте мерекені жақын-жуығымен дүркіретіп атап өтетін тұрғындар бұл жолы одан бас тартуға мәжбүр. Тағы бір шектеу, үйден жарты шақырым қашықтыққа ұзауға рұқсат жоқ. Дәріхана мен азық түлік дүкендерінен басқа мәдениет, демалыс, сауда саттық орындары жабық болады. Ал мейрамханалар тапсырысты жеткізіп бере отырып жұмыс істейді.

Юлий Эдельштейн, Израиль денсаулық сақтау министрі:

- Денсаулық сақтау жүйесі сыр бере бастады, вирустың бетін қайтарудың жалғыз жолы осы. Егер мұндай қадамды қазір жасамасақ, кейін күйіміз бұдан да күйінішті боларын түсіну керек.

Биліктің пайымынша, елде эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына азаматтардың өзі кінәлі. Министрлік ұсынған сақтық шараларына мұрнын шүйіргендер көп. Енді міне, селқостық танытудың салдарымен күресуге тура кеп тұр. Мәселен, полиция тоқтатқан көлік ішіндегі ер адам 2 апта үйінен шықпай, оқшаулануы тиіс болатын.

Биліктің айтуынша, қатаңдатылған карантин 2 аптаға жалғасады, егер вирус жұқтыру көрсеткіші төмендесе, кезең-кезеңімен жеңілдетіледі. Әзірге бұл денсаулық сақтау саласын құрдымға кетірмеу мен індеттің екінші толқынын еңсерудің жалғыз жолы болып отыр.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы