420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада қатаң карантин тәртібі оралуы мүмкін

  • 90
  • UPD: 09:27, 27.11.2020

Коронавирус эпидемиясы Украинада әлі басылмай тұр.

Бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 15 мың адамнан асты, бір күнде дерттен 225 науқас қайтыс болған. Елде әлі қатаң шара қабылданған жоқ, алайда билік жаңа жыл алдындағы қарбаластан да қауіптеніп отыр. Індет неліктен күшейіп кетті. Оны тоқтатудың жолдары қандай?

Аида Қыдырбай, тілші:

– Украинада вирус жұқтырғандардың саны расымен күн санап артуда, тәулік сайын жаңа антирекорд тіркеліп жатыр. Сәйкесінше, емханалардағы ковидке арналған төсек орындарының саны кей аудандарда 95 процентке жеткен. Сондықтан аппарат және дәрі жетіпеушілігі байқалады. Киевтегі перзетханалардың өзін ковидтен емдеу орталығына ауыстырған жайлы ақпарат тағы бар. Жағдайдың ушығуына байланысты, Украина билігі демалыс күндері карантин талабын күшейтті. Атап айтқанда, сенбі және жексенбіде ірі сауда орталықтары, спорт зал, фитнес және бассейн мен мейрамхана, дәмханалар жұмыс істемейді. Дегенмен бұл талап Украинаның бірнеше ірі қаласында сақталған жоқ, екі күнде 2 000 жуық мекеме карантин тәртібін бұзған. Және қоғамдық автобус пен метродағы адам санында есеп жоқ, салдарынан вирус елде жылдам өршуде. Украина билігі, әсіресе жаңа жыл алдындағы қарбаластан қатты қауіптеніп отыр. Сондықтан елде қатаң карантин тәртібі оралуы мүмкін.

Денис Шмыгаль, Украина премьер-министрі:

– Қазіргі уақытта біз қатаң шараларды енгізу туралы шешім қабылған жоқпыз, алайда желтоқсан айының соңында жаңа жылдық мерекелер, оның ішінде жәрмеңке мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырады, біз оны жақсы біліп тұрмыз. Бұл ретте, вирус одан әрі ушығып кетсе, біздің медициналық жүйе түсетін ауыртпалықты көтере алмайды.

Індет медициналық жүйеге ғана емес, Украинадағы бизнеске де зор ауыртпалығын түсіріп тұр. Жұмыссыздық 8,6 проценттен бірден 9,9 процентке дейін өскен. Мемлекеттік статистика қызметі елдегі жұмыссыздар саны 1,7 млн адамға жеткенін айтады. Ковидтен өзі енді ғана айығып, жұмысқа қайта оралған Владимир Зеленский ел бизнесін қолдаймыз деп мәлімдеді. Нақты айтқанда, 3 мың гривень, бұл дегеніміз 106 долларға дейін салық қарызы бар 4 млн-ға жуық украиналықтың берешегін мемлекет өзі өтейтін болады. Сондай ақ үкімет кәсіпкерлер үшін салық каникулын енгізу жолдарын қарастырмақ.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы