384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде санитарлық авиация қызметі қарқынды дамып келеді

  • 989
  • UPD: 12:02, 09.08.2017

Аймақта жыл басынан бері 400-ге жуық сырқатқа осы қызмет түрі арқылы шұғыл медициналық көмек көрсетілген.

Қазір облыстық жедел-жәрдем ауруханасы жанында арнайы бөлімше жұмыс істеп тұр. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық бағдарламасы» аясында материалдық-техникалық базасы да нығайтылған. Санитарлық авиация болашақта медициналық кластер құрамына енуі мүмкін.

Облыстың шалғай ауданы Әйтеке бидің тұрғыны Қайырбек Қалиевті асау ат сүйреп, қабырғасы мен қолы сынады. Жергілікті дәрігерлер сырқатты ауылдан аудан орталығына жеткізеді. Жағдайы ауыр болғандықтан, облыстық ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданады. Санитарлық авиация қызметі жедел жетіп, бірнеше сағатта Ақтөбеге әкеледі.

Қайырбек Қалиев, емделуші:

– Тез келді, түс қайта терапиядан шығып, жедел-жәрдем көлігімен ұшаққа әкелді. Бәрі жақсы қарайды.

«Орталықтан алыс жатқан Шалқар, Ырғыз және Ойыл аудандарына шақырту көп», – дейді авиация қызметінің фельдшері Манаргүл Жұмағали. Көбінде толғағы ауыр әйелдер мен сырқаты асқынған балаларға шақырту түседі. Алыс жолда апатқа ұшыраған көліктердің жолаушылары да санитарлық авиациямен тасымалданады. Жыл басынан бері 62 сырқат ұшақпен, 28 науқас тікұшақпен, 300 адам автокөлікпен жеткізілген. Ұшуға қолайсыз күндері шұғыл жолға шығатын 5 автокөлік дайын тұрады.

Манаргүл Жұмағали, санитарлық авиация қызметінің фельдшері:

– Соңғы рет кеше Ырғызға бардық. Операция жасауға перитонит болған баланы әкелу керек болды. Балалар реанимотологы мен балалар хирургі барды. Жермен жүрсе көп уақыт кететін еді, сондықтан ұшақпен бардық.

Аймақтағы санитарлық авиациялық қызмет республикалық қазынадан қаржыландырылады. Тікұшақтың әуедегі 1 сағаты 75 мың теңгеден асады. Қазір «Денсаулық» бағдарламасы бойынша бұл қызметке қолдау көрсетіліп жатыр. Болашақта «Ақтөбе санитарлық авиациялық қызметі» өңірлік орталыққа айналуы мүмкін. Ол кезде көрші облыстардан да науқастар тасымалдана бастайды.

Рақымжан Арыстан, облыстық жедел-жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл Ақтөбе облысы, Орал, Атырау, Маңғыстау және Қызылорданың солтүстік аудандарына қызмет жасау, жақсы шипалы ем беру мақсатымен жасалып жатыр.

Мемлекеттік бағдарламаның бір мақсаты транспорттық медицинаны дамыту десек, өңірде санитарлық авиация, жедел медициналық көмек пен телемедицина қызметін жетілдіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина,  Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы