383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ташкентте тұратын қазақ жігіті кофеден түрлі сурет салады

  • 948
  • UPD: 19:01, 27.12.2017

Ташкенттік жас қылқалам шебері Ерік Құлманов кәдімгі кофеден түрлі сурет салады.

Шебердің ұшқыр қиялынан туындаған «Көшпенділер» деп аталатын дүниесі қарапайым болғанымен, тамыры терең салт-дәстүрімізді дәріптеуімен ерекшеленеді. Ал ұлттық қолөнердің сан түрін бойына сіңіріп өскен Гауһарай Құрбанова ғасырлардан келе жатқан өнерді шәкірттеріне үйретіп жүр. Қос шеберге Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығынан арнайы бөлме де берілген. Еңбекпен шыңдалып өскен өнерлі азаматтар ұлттық құндылықтарымызды осылай насихаттап келеді.

Суретшінің туындыларынан ұлттық құндылықтармен қатар тропикалық жемістің иісі аңқып тұр. Өйткені шебер соңғы дүниесін кәдімгі қара кофемен салыпты. Қарапайым бейнелеу пәнінің мұғалімі кескіндеген суреттерден қазақ халқының тарихы салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпы әсем табиғатпен үйлесім тапқан. Мазмұны мәнді кескіндемелердің айтатын астарлы ойы да терең. «Тәуелсіздік бесігі» деп аталатын туындысы халықаралық өнер фестивалінде топ жарған.

Ерік Құлманов, суретші:

– Акварельді бояулармен салынады мұндай жұмыстар. Мен кофемен салып көрдім. Ол адамдардың суретке деген қызығушылығын тудырды. Иісі аңқып тұрады. Сол тұрғыдан тартымды. Айырмашылығы тек технологиясында. Қолданылатын қағаз мен бояуы басқа.

Ташкенттегі Қазақ мәдени орталығы нағыз ұлттық өнердің ордасына айналды. Өйткені онда қолданбалы өнерді меңгерген хас шеберлер бар. Жастайынан өнерге құмартып өскен Гауһарайдың қолынан келмейтіні жоқ. Ою ояды, кесте тоқиды, түрлі көздің жауын алатын әшекей бұйымдардан ұлттық дүниелерді жасайды. Тіпті қыз балалар тағатын «Тана» деп аталатын таңбаны да өзі мыстан түйіп жасапты. «Қара кеспе жейдешесіне ілінетін бұйым тіл-көзден сақтайды», – дейді шебер. Ұлттық өнерді әкеден үйренген жан сол қолданбалы өнерді жастарға үйретіп жүр.

Гауһарай Құрбанова, шебер:

– Әлемге танылған орыс ақыны Пушкин «Өз мәдениетінің қадіріне жетіп құрметтей білмеген жан өзгенің мәдениетін қадірлей алмайды» деп айтып кеткендей, біз өз мәдениетімізді жастарға үйретіп жатырмыз. Сол мәдениет арқылы олардың өзара сыйластығы мен достығын арттыру – негізгі мақсат.

Ұста шәкіртінің бірі Абдулла Базаров өнердің ең көне түрі сазбалшықтан түрлі бұйымдар жасауды, яғни мүсіншілікті меңгеріпті. Жас та болса, өз қолымен дайындаған дүниелері талай жарыстарда топ жарған. «Табиғаттан берілген дарынды бойдағы қасиетпен ұштастыра білгенде ғана өнердің шыңына жетуге болады», – дейді шәкірт.

Абдулла Базаров, шәкірт:

– 2018 жыл – ит жылы. Сондықтан ағаш бетіне иттің суретін салып, оны арнайы күйдіретін құрылғымен бедерлеп шықтым. Бұл өте оңай жасалады. Тіпті сазбалшықтан да иттің мүсінін жасауға болады. Мен хаски мен тағы басқа иттің суреттерін салдым. Өйткені ол суық пен қыстың символы саналады. Әрі сыйлық ретінде беруге болады.

Қолының қиюы бар қас шебер киіз үйден бастап шаңырақ, уық пен кереге сынды бұйымдар мен үйдің сәнін келтіретін ұлттық дүниелердің бірі киіз бен текемет тоқуды да үйретеді. Қиялы ұшқыр шебер Ұлы жібек жолының бойында елдердің ортақ өнерін топтастыратын «Еуразия» атты жинағын да жасап қойыпты. Онда жалпыға ортақ ою-өрнектермен кескінделген жаңа киімдер үлгісі жасалған. Ендігі армандары – Қазақ мәдени орталығында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін музей ашу. «Ұлтқа бөлінбейтін өнер дәріптелгенде ғана өміршең болады», – дейді шебер.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы