384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзіл күні «Астана Опера» театрында «Музыкалық калейдоскоп» концерті өтеді

  • 789
Әзіл күні «Астана Опера» театрында «Музыкалық калейдоскоп» концерті өтеді

Күлкі күні «Астана Операда» музыкалық қалжың мен көңілді тосынсыйлардың кеші өтеді.

1 сәуірдегі «Музыкалық калейдоскоп» концертінде опера труппасының керемет жетекші солистері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен театрдың Симфониялық оркестрі мен хоры Үлкен Зал сахнасында өнер көрсетеді.

Л. Андерсонның «Жазу машинасына арналған пьесасы», И. Штраустың «Аңшылықта» полькасы, И. Штраустың «Жарқанатынан» Адель шумақтары, Д. Обердің «Манон Леско» операсынан «Ду күлкі» және т.б. тамаша туындылар концерт бағдарламасының көркін аша түседі. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі виолончелистер тобының концертмейстері Дәулет Шәкіров виолончелистер ансамбліне арналған «Cello Mix» шығармасын орындайды.

«Жазу машинасына арналған пьеса» музыкалық әзілінің авторы Л.Андерсон жеңіл әрі қысқа концерттік пьесалардың авторы ретінде танымал. «Жазу машинасына арналған пьеса» 1950 жылдың 9 қазанында жазылды, алғашқы орындалуы үш жылдан кейін – 1953 жылы орын алды. Әдетте, сахнада реквизит ретінде соқпалы аспаптың рөлін «сомдайтын» баспа машинасы қолданылады. Екінші атауы «Баспа машинасы» болып кеткен пьеса оркестр репертуарындағы ең өткір тілді туынды, сонымен қатар Л.Андерсон шығармалары ішіндегі тыңдарманның ең сүйіктілерінің бірі. Пьеса Америка, Германия және Австралиядағы түрлі кинофильмдерде, анимацияларда, радио бағдарламалары мен телешоуларда пайдаланылды. Айтпақшы, оны Қазақстанда да концерттік репертуарға жиі енгізеді.

«Концерттің негізгі идеясы – сәуір айының алғашқы кешін қанық музыкалық бояумен әрлеп, тыңдаушыға шаттық пен шабыттың орасан зор қуанышын сыйлау болып табылады. Музыкадағы әзіл-сықақтың ұстанымы өзге де өнер түрлерімен ұқсас: ерекше әрі күтпеген қырынан қарабайыр нәрселерді көрсету – осыны концерт аясында жасауға тырысамыз», – деп атап өтті «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдинов.

Осынау таңғажайып концертке «Астана Операның» солистері мен аспапшылары – Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Жаннат Бақтай, Жәмиля Жарқымбаева, Малика Минизини және тағы да басқа өнерпаздар қатысады. Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Ақпарат көзі: astana.gov.kz

Хабар 24 телеарнасы