376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Reading Zhetysu: тұрғындар кітаптарды тегін оқи алады

  • 789
  • UPD: 23:08, 21.12.2018

Алматы облысының орталығы Талдықорғандағы журналистер үйінде Reading Zhetysu жобасы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жүзеге аса бастаған бұл шара өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамда көркем әдебиет пен газет-журналдар оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған.

Жетісу өңірінің халқы мен елге келген қонақтар енді өздерін қызықтырған көркем әдебиет пен газет журналдарды тегін алып оқи алады. Ол үшін Reading Zhetysu жобасы аясында орнатылған мынандай қондырғыларға келіп, 5 викториналық сұраққа жауап беруі тиіс. Берген жауабы дұрыс болса, таңдаған кітабы қолына тиеді.

Рустам Алпысбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Оқулықтарды емес, көбінесе көркем әдебиет материалдарын жинадық. 250 кітап, соның ішінде 100 үздік қазақша, 100 үздік орысша және 50 ағылшынша кітап бар. Ол жастарымыздың интеллектуалды потенциалын кеңейтуіне үлкен үлес қосады деп ойлаймын.

Алдағы уақытта Алматы облысындағы сауда орталықтары мен адамдар көптеп келетін мекемелерге осындай 30 вендинг аппараты орнатылады. Соның тең жартысы қалада болса, қалғандары аудандарда жұмыс істейді.

Ғалым Жазылбеков, журналист:

- Бұл не үшін? Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында атап өткен дүниетанымды кеңейту, қоғамның барлық мүшесінің сауаттылығын арттыру жөніндегі бастамаларға қолдау болып табылады. 

Бұған дейін Талдықорғанда VIP ZHETYSU инновацияшыл жастар кітапханасы ашылып, «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты буккроссинг жобасы жүзеге асқан еді. «Бүгін жұртшылыққа таныстырған жаңа жобамыз да кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оны одан ары қарай дамытуға септігін тигізеді деген үміттеміз», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы